Денсаулық

Медицина саласына серпін қажет

Осы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлді. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында айтылған әрбір бас­тама біз үшін өте маңызды. Әсіресе, жасанды интеллект технологиясын пайдалану арқылы денсаулық сақтау саласын жетілдіру туралы бас­тама – қазіргі заман талаптарына толық жауап береді.

Президент: «Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс» деп атап өтті. Бұл біз секілді дәрігерлердің жұмысын оңтайландырып, пациентке көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық бақылау мен деректерді нақты талдау – медицинадағы ашықтық пен әділеттіліктің кепілі болады деп сенемін.

Бұған қоса, Президент: «Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады» деді. Бұл сөз бізді, медицина қызметкерлерін шабыттандырып, өз еңбегіміздің бағаланатынын сезінуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы көпбейінді ауруханаларды «бюрократиялық шыр­ғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет» екенін айтып, медициналық инфрақұрылымды дамыту жолында кедергілерді жою қажеттігін орынды көтерді. Бұл халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсету уақытын қысқартып, ресурс­тарды тиімді пайдалануға жол ашады.

Президенттің «өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет» деген пікірі де өте орынды. Пандемия кезінде еліміз отандық фармацевтиканың әлсіз тұстарын сезінді. Сондықтан бұл салада отандық өндірісті қолдау – ұзақ мерзімді тұрақтылық кепілі.

Айдын ӘШІМХАНОВ,

№2 қалалық емхананың директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button