Мемлекет басшысы Қытайдағы Қазақстан мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мемлекет басшысы орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады.

Президент былтырдан бері Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы жұмыс істей бастағанын жеткізді.
Ал Қытайға жасаған осы сапары аясында елімізде Лу Бань зертханасының екінші және үшінші орталықтары ашылды.
– Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас өте жоғары қарқынмен дамуда. Біз ынтымақтастықтың екінші «Алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жыл сайын тиімді өткізілуде, екіжақты сауда көлемі ұлғаюда. Былтыр екі елдің тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихымызда бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Биыл да өзара сауда қарқыны төмен болмайды деген болжам бар. Инвестициялық қарым-қатынас та ойдағыдай дамуда. Жалпы, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі болып саналады. Халықаралық мәселелер бойынша қос елдің ұстанымдары ұқсас немесе бірдей деп күмәнсіз айтуға болады. Осының бәрі Қазақстан мен Қытай мәңгі стратегиялық серіктестер екенін айқын көрсетеді. Бұл үрдіс халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.