«Семей ядролық полигонының жабылуы: тарихи шешім, болашаққа бағдар»

Биыл Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлықтың қабылданғанына 34 жыл толды. Осы орайда елордадағы Достық үйінде «Семей ядролық полигонының жабылуы: тарихи шешім, болашаққа бағдар» атты диалог алаңы өтті. Аталған диалог жұмысына қаланың белсенді зейнеткерлері, ардагер ұстаздар, журналистер мен қоғам белсенділері қатысып, 40-қа жуық адам жиналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Диалог алаңына экс депутат Зауреш Батталова, белігілі ғалымдар экологтар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысып, бұл мәселенің өзектіліге тоқталды. Қатысушылардың ой-пікірі полигоннан зардап шеккен аймақтарға әлеуметтік көмек көрсету төңірегінде өрбіді.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған республикалық «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық бөлімінің төрайымы, Семей полигоны мен Арал қасіреті проблемасын зерделеуші қоғам белсендісі, тарихшы Гаури Жомартова Семейде құрылған «Полигон-21» комитетінің атқарған жұмыстарын ерекше атап өтіп, сондай-ақ бүгінгі күнде орын алған полигонның зардаптарына жан-жақты тоқталды.
Ашық диалог жұмысына Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан қатысқан тіл маманы Маржан Бектұрсынқызы өз кезегінде полигоннан зардап шеккен аймақтарға көрсетілетін жеңілдіктер туралы тоқталып өтті.
Қоғам үшін зардабы мол, оның шешу жолдарына қатысты бағытталған отырыс қатысушылары диалог барысында бірқатар ұсыныстарын білдіріп, қолданыстағы заңнамаға нақты өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, полигон аумағындағы жерлердің зиянды, зиянсыздығын анықтау, сол аумақта тұрғандарға зейнеткерлікке шығу жасын төмендету мен өтемақы төлеу, оларға медициналық көмекті жақсарту және т.б. көкейкесті мәселелер талқыланды.
Диалогқа қатысушылар кеш соңында алдағы уақытта «Семей ядролық полигон қоғамдық қорымен» бұл проблеманы шешу жолында бірлесіп жұмыс атқаратын болып тарқасты. Семей полигоны – халқымыздың жадында терең сақталған қасіретті бетбелес. Ол бізге бейбіт өмірдің, адам өмірінің және табиғи орта амандығының қаншалықты маңызды екенін еске салады.