Astana 2025 World Boccia Challenger аяқталды

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 22-27 тамыз күндері өткен боччадан халықаралық жарыс аяқталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бес күнге жалғасқан еліміздегі бірінші бәсекеде 12 елден 56 спортшы сынға түсіп, BС1, BС2, BС3, BС4 санаты бойынша жеке, жұптық, командалық сайыс түрлерінде жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.
Айтулы додада Қазақстан атынан 10 отандасымыз бақ сынап, өз тарихындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Жеке сайыс бағдарламасында астаналық Итиана Шыңғысханова (BС2) мен Балжан Бөлекпаева (BС1) чемпион атанса, Ерхат Алмат (BС1) пен Азамат Аязбаев (ВС4) күміс жүлдені иеленді. Ал Эльмира Мұсыралиева (ВС4) қола жүлдеге қол созды.
Аралас жұптық сайыста да ВС4 санаты бойынша Эльмира Мұсыралиева мен Азамат Аязбаев Иран (4:3) мен Үндістанды (10:1) қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты.
«Бұл сайыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпай беретін Challenger турнирі жоғары деңгейдегі бәсеке саналады. Осы орайда жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерді құттықтаймын!
Бұл жарыс біздің ұлттық құрамамыз үшін үлкен сын болды. Нәтижесінде олар бар үмітімізді ақтады. Жеке сайыста жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль және аралас жұптық сайыста 1 алтын жүлдені еншіледі. Осы көрсеткіш арқылы параспортшыларымыз үлкен белесті бағындырды деп санаймын», – деді Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.
Жарыстың жабылу салтанатында аралас жұптық бәсекелер бойынша марапаттау өтіп, жүлдегерлерді Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев арнайы құттықтады.
Енді параспортшыларымыз қыркүйек айында алғаш рет Оңтүстік Кореяда өтетін әлем кубогына қатысатын болады.