Басты ақпаратМәселе

Отызында да отау құрмайды. Не себеп?

«Он үште – отау иесі» дейтін қазақтың бүгінде отызында да шаңырақ көтеруге асықпайтын жастары көбейді. Расымен айналамызда 30-35-ті алқымдап қалған бойдақ қыз-жігіттердің қатары артқан. Құрбылары кем дегенде 2 баланың ата-анасы атанып үлгергенде бұлардың некелесуге асықпай жүруіне қазір түрлі жағдай себеп болуда. Көбі мұны әлеуметтік жағдайға әкеп тірегенімен, бәрі бірдей содан дей алмайсың. Жаһандану процесі үздіксіз ақпараттық технологиялар арқылы қазақтың ұлттық болмысы мен жан жүниесін жаулауда. Мұның арты демографиялық өсімнің кемуіне де, отбасылық құндылықтардың өзгеруіне де әкелері анық. 

Адам болып дүниеге келген соң, бірінің ұрпақ өрбітіп, екіншісінің жаратылыстағы миссиясы – ана атануы өзіне де керек, әрі бұл шағын мемлекет – отбасынан құралатын елдің ішкі құрылымына да әсер етеді. Кәрі қыз бен сүр бойдақтықтың бел ортасына келсе де, әлі де қырыққа дейін бала көтеру мүмкіндігі бар ұл-қызына ақыл айтудан әулеті мен айналасы шаршамайды, түрлі жолдарын қарас­тырады, ұсынысын айтады. Алайда оған де селт етпей, бірі таңдаудағы талғампаздықпен, екіншісі білім қуумен, үшіншісі үй алып, жағдай жасап алумен, төртіншісі өзінің еркіндігін отбасылық өмірдегі тәуелділікке айырбастағысы келмегендіктен сол қалпы жалғыз өмірін жалғастыра береді.

Жастардың өзі не дейді?

Әріптестер арасынан жоғары білімді, ауылда өсіп-өнген, үлкен тәрбиелі әулеттен шыққан біраз қазақ жастарының, яғни сіңлілеріміз бен інілеріміздің де осындай жағдайына куә болып жүрміз. Көре қалсақ, бірден «Тойыңда қашан билейміз?» деп бас саламыз. Олар да: «Бір бұйырған күні» деп жауап беруден танбайды. Қазір кейбір қыздардың жұмысы да, жеке пәтері мен көлігі де, сұлулығы мен сымбаты да, ақылы мен білімі де бар, ата-анасы тойын жасап беруге алақанын ысқылап дайын отыр. Бірақ отызға келіп, тіпті 35-ке жетіп қалса да отау құрмай жүр.

– Негізінде мұның себептері көп. Сосын әрқайсысында әртүрлі жағдай. Мысалы, бір қыз отбасылық жағдайына қарап жүріп қалады, «оқуымды бітіруім керек, үйге көмектесуім қажет» деген міндет алып алады. Болмаса «кішкене өзім қалыптасып алайын, жұмыс істейін» дейтіндер де болады. Сөйтіп жүріп уақыттың қалай өткенін білмей қалады. Кейбір қыздар тұрмысқа шыққысы келетін азаматтың өз ойындағы бейнесін жасап алуы мүмкін. Ал өмірде кездесіп жатқан ер адамдар қиялдағы жігіт бейнесімен сәйкес келмейді, – дейді Дана есімді отыздан асқан елордалық ару.

Өзі әлі де тұрмыс құрмаған кейіпкеріміз мұның тағы бір себебі жігіттерге де байланысты деп санайды.

– Мәселен, қазір жігіттердің көбі танысқаннан кейін бірден үйлену туралы шешім қабылдай қоймайды. Бұрынғыдай олар қыздың жүрегін жаулап алу деген мәселеге бас қатыр­майды. Ғаламтор арқылы біреуі болмаса, екіншісімен танысады. «Сенен басқа да қыздар жетеді» деген сыңай танытатындар да бар. Одан соң уақытында тұрмыс құрмаудың салдары, яғни қатары үйленіп кеткен қыздарға өзіне лайықты ер адам табу қиындай түседі. Жас кезінде әдетте жігіт қарамайтын қыз болмайды, міндетті түрде жас қызға біреуі болмаса біреуі қырындап, сөз салады. Өз уақытында солардың біреуін таңдап, етегінен ұстап кетпегеннен кейін кеш болып қалады. Тағы бір себебі – қазір қыздар құр қарап отырмай, даму үстінде, оқиды, ішкі әлеміне үңіледі, өзін жан-жақты дамытады, білімін арттырады, сөйтіп оның деңгейі жоғарылап кетеді де, кездескен жігіттердің бәрінің бірдей онымен ой сана-сезімі, парасат-пайымы сәйкес келмей жатады. Сондықтан жігіттердің де үнемі ізденіп, дамып отыруы керек деп ойлаймын, – дейді Дана.

Ал «Отызында орда бұзбақ» түгілі отбасын құрмай жүрген бірқатар жігіттер әбден жағдайын жасап, жанұясын асырайтын деңгейге жеткенше үйленгісі келмейтінін айтады. Бірінің пәтері де, орташа жалақы алатын қызметі де бола тұра неге шаңырақ көтермеуін сұрағанда, ол қазіргі жағдайы отбасын құрып, бала-шағасының заманға сай барлық қажеттілігін өтеу үшін әлі де жеткіліксіз деп жауап берді. Тағы бір отыздағы азамат қазіргі қыздардың бойында тәкаппарлық басым екенін, олардың бір жігіттің бағы болып, тезірек ана атануына сол мінез басты кедергі екенін алға тартты.

– Қыздар қазір жағдайы, үйі бар жігіттерді іздейді. Ал бірінші орында тұратын махаббат сезімі ше, жағдайы бар жігіт ертең бір қиындыққа ұшырап, барынан айырылса, қасындағы жары кетіп қала ма? Жалпы қазіргі қоғамда бәрін құртып тұрған тәкаппарлық, біреуді өзінен артық не кем санау, менсінбеу. Сонымен қатар махаббат сөзінің мәнін түсінбеу. Махаббат деген «сүйем, күйем, сен үшін айды алып берем» деу емес, ол жарының алдындағы, отбасын сақтаудағы үлкен жауапкершілік, екеуінің бірге, бір мақсатқа қарай, қандай қиыншылық болмасын, бірге ұмтылуы, сабыр мен шыдамдылықты сақтау, – дейді Жанболат есімді азамат.

Тағы бір сіңілімнің күн ­сайын жиілеп кеткен отбасылық зорлық-­зомбылық туралы оқиғалар туралы оқып отырып, «мынадан кейін қалай тұрмысқа шығуды ойлайсың?» дегенін естіп қалдым. Мұндай зорлық-зомбылық қай заманда да болған, бірақ соған қарап, елдің бәрі бірдей отбасын құрмай кетпейді, бұл әр адамның жеке ерекшелігіне қарай болатынын айтып, бір жақты шешім қабылдамауға шақырғаным бар.

Жаһандық үрдістің бір бөлігі

Елордалық психолог, Орталық Азия аймағының когнитивті мінез-құлық терапиясы қауым­дастығының мүшесі Жаннұр Садықова «Қазақстандағы некелесу деңгейінің төмендеуі – құндылықтар мен өмір салтының өзгеруіне байланысты жаһандық үрдістің бір бөлігі» деп санайды.

– Кейінгі жылдары әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда да некелесу деңгейінің тұрақты төмендеу үрдісі байқалып отыр. Бұрын отбасы құру мен бала сүю негізгі, тіпті жалғыз өмірлік мақсат болып саналса, бүгінде жағдай әлдеқайда күрделі әрі көпқырлы болып кетті. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, неке қию коэффициенті 2019 жылғы 7,5%-дан 2024 жылы 6,1%-ға дейін төмендеді, бұл – соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Бұл құбылысты тек экономикамен немесе тұрмыс­тық қиындықтармен түсіндіру жеткіліксіз. Мұнда жаһандық контексті де ескеру маңызды. Бүгінде ғаламтор, әлеуметтік желілер, медиа басқа елдердің құндылықтары мен мінез-құлық үлгілерін бір-біріне жақындата түсті. Бұл ретте Солтүстік Корея, Жапония, Еуропа елдеріндегі жағдайды есепке алу қажет. Ол жақта да туу көрсеткіші мен некелесу деңгейі кейінгі жылдары төмендеуде. Мұнда жеке мақсаттар – білім алу, мансап, өзін-өзі дамыту алдыңғы орынға шықты. Біздің елде де осы үрдіс күшейіп келеді. Көптеген жастар сапалы білім алуға, соның ішінде шетелде оқуға, тіл үйренуге, мансап құруға ұмтылады және қазіргі уақытта бұл қолжетімді болып отыр. Әрине, осы факторлар өз кезегінде отбасы құруды кейінге ысырады, – дейді ол.

Жастармен жұмыс істеу барысында психолог жиі қайталанатын ұқсас себептерді байқаған. Көбі некеге тұруға асықпауын отбасылы болудан бас тартқандықтан емес, алдымен өзін танып-білгісі келетіндігімен түсіндіреді. Жастар «қиындықпен күресуді үйренгім келеді», «ертеңгі күнімнің тұрақтылығын сезінгім келеді» дегенді жиі айтатын болған.

– Көпшілігі жеке дамуға ден қояды, бірі шет тілдерін оқиды, бірі жаңа мамандықтар іздейді, енді бірі шетелге оқуға барады. Маңыздысы – жай ғана тұрмыс құру емес, оған іштей дайын болу. Жастар отбасы үлкен ресурстарды, яғни эмоционалды, қаржылық, психологиялық күшті қажет ететінін айтады. Сол себепті олар асықпайды, шешімнің саналы әрі тұрақты болғанын қалайды. Өзін тануға, дамытуға деген ұмтылыс – некелесу деңгейіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Бұрын отбасы ересек өмірдің бастапқы нүктесі ретінде қарастырылса, бүгінде көпшілік үшін ол, алдымен, жеке тұлғалық тұрғыда бекігеннен кейінгі келесі қадам болып отыр. Қазақстанда тұрғын үй мәселесі кейбір елдердегідей аса күрделі деуге болмайды. Соған қарамастан некелесу деңгейінің төмендеу үрдісі сақталуда, – дейді Жаннұр Садықова.

Психолог мұны сонымен қатар қазіргі өмірдің үздіксіз күйзеліс, жоғары бәсекелестік, қажу сезімімен байланыстырды. Жастар алдымен «аяққа тұрып», сенімділік пен ішкі ресурсқа ие болғысы келеді де, содан кейін ғана некеге тұруды қалайды. Көпшілігі үшін маңыздысы – жай ғана отбасы құру емес, оны сақтап қалу, ал ол саналы көзқарасты қажет етеді.

Саналы түрде жасалған таңдау

Тағы бір психолог, психотерапевт Жанат Досжан қазіргі жастардың отбасын құруды кейінге қалдыруы – көбіне саналы түрде жасалған таңдау деп санайды. Бұл құбылысты бірнеше негізгі факторларға бөліп қарастыруға болады: әлеу­меттік-экономикалық себептер – тұрақты табыс пен баспана мәселесі. Екінші – жоғары бәсекелес орта. Сол бәсекеге төтеп беремін деп отбасын құруды кейінгі кезеңге ығыстырады. Үшінші – психологиялық факторлар, жеке шекара мен еркіндікке басымдық беру. Төртінші – көп жастың ата-­анасы немесе айналасындағы адамдардың сәтсіз некелерін көріп өсуі. Сол себепті оларда отбасылық өмірге қатысты қорқыныш немесе күмән қалыптасқан. Бесіншісі, мәдени және ақпараттық ықпал және құндылықтар өзгерісі.

– Бұл мәселені дұрыс түсіну және қоғамда саналы көзқарас қалыптастыру маңызды. Жастарға отбасылық өмірдің шынайы мәнін көрсетіп, мектептерде, ЖОО-дарында қарым-қатынас мәдениеті мен эмоционалды интеллект тақырыптарына көңіл бөлу керек. Ата-ана мен үлкен буынның рөлін қайта қарастыру қажет. Қоғамда сәтті, өзара сыйлас­тыққа негізделген отбасылар туралы көбірек айтуымыз керек. Жалпы, жастар отбасын құрудан «қашып» жүрген жоқ, олар саналы түрде өз өміріне жауапкершілікпен қарап, ойланып әрекет етуде. Бұл – дамып келе жатқан қоғамның белгісі, – дейді Жанат Досжан.

Жүйелі отбасылық психолог Анна Поздеева отызға дейін отырып қалатын жастардың тобы көп емес екенін, бұл топ алдымен өзін толық қалыптас­тырып барып отбасын құруды көздейтін азаматтардың аз бөлігі екенін айтады. Некелесуді кейінге қалдырып жүргенімен отбасы құндылықтары олар үшін де маңызды, сондықтан да олар отбасын құрудан бұрын оны қамтамасыз ету деңгейін қалыптастыруға қатты мән береді.

– Дегенмен бұл қадамға үлкен дайындықпен келуді ойлайтындар да қарама-қайшылыққа тап болады, яғни қашан отбасын құруға дайын болатынын айқындайтын нақты талаптардың жоқтығы. Себебі өзіңді жетілдіру, отбасын құруға әбден дайын болу деңгейін арттыра берудің шегі жоқ, солай өмір бойы жүре беруге болады. «Бір күні толық дайын боламын» деп жүргенде қалай қартайып қалғанын білмей қалады. Сөйтіп жасы ұлғайған сайын оның екінші жұпқа деген талаптары да күшейе түседі, бұл үдеден шығатын үміткерлер қатары да сирей береді, – дейді психолог маман.

Өз уақытында жүкті болған жөн

Гинеколог дәрігерлердің пікірінше, әйел үшін алғаш рет бала көтеруге ең қолайлы кезең – 25-27 жас. Медициналық көзқарас тұрғысынан бұл болашақ аналар үшін бала көтерудің ең тиімді әр дер уақыты.

– Бұл жаста адам ағзасы сағат сияқты сыртылдап жұмыс істеп тұрады. Репродуктивті жүйе де ең бір пісіп жетілген кезіне жетеді. Жұмыртқа жасушалары да өте сапалы болады, сондықтан баланың генетикалық тұрғыдан ауытқушылығы болу қаупі сирек кездеседі. Гормондары тұрақты болғандықтан жүктілік жеңіл өтеді. Гестациялық диабет немесе қан қысымының жоғарылауы аз болады. Әрине, сонымен қатар босанғаннан кейін де бұл жаста ағза тез қалпына келеді, – дейді Астана қалалық №1 емханасының гинеколог дәрігері Ерлан Мүсенов.

Ал 30-35 жастан кейін жүкті болудың өзіндік ерекшеліктері бар. Жалпы адам жасы ұлғайған сайын созылмалы аурулары асқына түсетіні белгілі. Сондай кезде бала көтерудің қаупі жоғары болатыны анық. Бала босану сәті әдеттегіден созыла түсіп, қалпына келуі де оңай болмайды.

– Дегенмен бұл кезде бала көтерудің бір артықшылығы – психологиялық есею. Әдетте бұл жаста әйелдер мансап қуып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, ана болуға толық дайын екенін сезініп келеді. Бұл олардың өзі мен баласына ғана көңіл бөліп, басқа ештеңеге алаңдамауына септік етеді. Әрине бұл жаста дәрігердің қатаң бақылауында болу өте маңызды. Ұдайы тексеріліп, салалық мамандардан кеңес алса бәрі дұрыс болады, – дейді №4 қалалық емхананың акушер-­гинекологы Ләззат Смаилова.

Сонымен қатар отыздан асып бала көтерген әйелдер тұр­ғылықты жері бойынша тіркелген емханада МӘМС аясында отбасын жоспарлау бөлімшесінің қызметіне жүгіне алады.

Жастық дәурені бастан өтпейтіндей, қуған қызығы еш басылмайтындай болып жүрген жастардың болашағын дұрыс бағамдауы мамандар айтқандай әсіре дайындықтан тұруы керек пе? «Бас екеу болмай, мал екеу болмас», «Әр бала өз несібесімен туады» деген қазақы ұстанымның уақыты өткені ме? Неде болса, адамның некесі туғанда маңдайына жазылады дейді. Дегенмен ажал мен аурудан басқасын Жаратқаннан кейін адам өзі өзгерте алады. Сондықтан ертеңін ойлаған әрбір азамат өзіне қолайлы әрекет етіп, қалай да бір басы екеу болуына жағдай жасауы тиіс. Сан қилы құбылған қоғамда ұлттық тәрбиені, қазақы құндылықтарымызды жаңа дәуірмен ұштастыра өмір сүріп жатқан  отбасылардың бар екенін де көріп жүрміз. Бүгінгі дәуірде сондай әулеттердің насихатын күшейтіп, толық отбасы болудың озық тұстарын ғана өнеге етсек, бұл бойдақтар санын азайтуға септік етер, бәлкім…

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button