Қоғам

Kazinform мұрағатынан алынған фотосуреттер көрмесі ашылды

Астанадағы MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің 105 жылдығына арналған сирек кездесетін фотосуреттер көрмесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бір ғасырдан астам уақыт бойы агенттік еліміздің ақпарат саласын ілгерілетіп, қоғам мен мемлекеттің айшықты оқиғаларын жариялап келеді. 105 жылдық мерейтой аясында Kazinform өзінің бірегей фотоархивін қайта жаңғыртып, 1930 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі эксклюзивті кадрларды ұсынды.

Келушілер тарихи фотосуреттер арқылы ел өміріндегі елеулі кезеңдерге көз жүгіртіп, қазақ даласының қайталанбас сәулет өнерімен қайта қауышады. Көрмедегі суреттердің басым көпшілігі бұрын-соңды жарияланбағандықтан, аса құнды тарихи дереккөз болып табылады.

Экспозиция алты бөлімге топтастырылған. Алғашқы екі бөлімде – 1928-1959 жылдардағы Қазақстан мен Екінші дүниежүзілік соғыс көрініс тапқан. Үшінші және төртінші бөлімдер – 1960-1985 жылдар мен 1936 жылдан бүгінге дейінгі мәдени өмір тақырыбында. Ал қорытынды екі бөлімде соңғы 40 жылдағы Алматы мен Астананың жылнамасы ұсынылған.

«Kazinform қызметкерлері мұрағат материалдарымен үлкен жұмыс атқарды.  Экспозицияда қазақстандықтардың қилы кезеңдердегі өмірі көрініс тапқан. Атап айтқанда, ұжымдастыру мен индустрияландыру жылдары, Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматы, соғыстан кейінгі тұрмыстың тынысы, тың игеру науқаны, ғасыр құрылыстары мен тәуелсіздіктің қалыптасу жолы тарихи фотосуреттер арқылы баяндалады», – деді агенттіктің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан.

«MEGA бұл жобаны қолдап отыр, себебі ол қоғамды мәдени мұра айналасында біріктіріп, тарихи таным мен білімге жол ашатын маңызды миссия атқарады. Көрме келушілерге еліміздің өткеніне терең бойлап, бұрын-соңды жарияланбаған сирек фотосуреттер арқылы Қазақстан тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Онда Алматы мен Астананың символына айналған сәулет нысандарының қалай тұрғызылғаны, ел дамуының айшықты кезеңдері көрініс тапқан. Мәселен, MEGA Silk Way салынбай тұрып бұл аумақтың қандай күйде болғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Уақыт өте келе MEGA сауда орталықтары ірі қалалардың жаңа тынысына айналып, тұтас аудандардың дамуына жол ашты», – деді MEGA Silk Way директоры Қуат Акимбаев.

Көрмеге барлығы 188 фотосурет қойылған. Экспозиция 31 тамызға дейін жалғасады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button