Әлеумет

Қазақстан Азияны біріктіретін музыкалық алаңға айналады

Алдағы қараша айында Қазақстанның елордасы Астанада Азия мемлекеттері арасында алғаш рет «Silk Way Star» атты халықаралық музыкалық байқау өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ауқымды жобаның аясында Азияның 12 елінен талантты орындаушылар бақ сынайды. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында жобаның атқарушы продюсері Мұқағали Қуатұлы мен шеф-редакторы Қасымхан Алдашев мәлімдеді.

Байқау Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылады. Жоба Қытайдың орталық телеарналарында 105 минуттан тұратын 10 эпизод түрінде көрсетілмек.

– Жобаны Астанада өткізуіміздің басты себебі – елорданы шетелдік қатысушыларға көрсету. Қатысушылар 12 елден іріктелді. Іріктеу процесі сол мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктері және сол елдердің мәдениет басқармалары арқылы жүргізілді. Жалпы саны 80-ге жуық өтінім келіп түсті. Соның ішінен өз өңірлерінде белгілі белеске жеткен әншілер таңдап алынды. Іс-шара тек вокалдық шеберлікті ғана емес, сахналық өнер мен артистизмді қажет ететін байқау. Осыны ескере отырып, Қазақстан атынан Alem лақап атымен танылған Батырхан Мәлікті таңдадық. Ол – соңғы жылдары ел ішінде жарқырай танылған дарынды орындаушы, – деді Мұқағали Қуатұлы.

Жобаның басты ерекшелігі – бұл қарапайым ән байқауы емес, мәдени алмасу алаңы. Мұнда түрлі эксперименттер жүзеге асырылады. Мәселен, шетелден келген орындаушылар қазақтың танымал әндерін өз тілдерінде шырқайды. Сонымен қатар, қазақтың халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын орындайды. Жобаның тағы бір маңызды тұсы – шетелдік әншілер мен қазақстандық жұлдыздардың дуэттері, бұл өз кезегінде халықтар арасындағы мәдени көпірге айналмақ деп атап өтті жобаның шеф-редакторы Қасымхан Алдашев.

– Әр елден бір-бірден, жалпы 12 қазылар алқасы жұмыс істейді. Олар өз мемлекеттерінде танымал әншілер, продюсерлер және мәдениет саласына еңбегі сіңген мамандар, – Қасымхан Алдашев.

Бұған дейін, Астанада ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) «Silk Way Star» халықаралық жобасы туралы келісімге қол қойғанын жазғанбыз.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button