Құрметті энергетик

Астаналық Жұмаділовтер әулетінің жұмысшы мамандықтар саласындағы жалпы еңбек өтілі 70 жылдан асады. Отағасы Базарбай Оспанұлы «Астана-Теплотранзит» АҚ-та ширек ғасыр еңбектеніп, былтыр зейнетке шықты. Қазір жолын ұлдары Болатбек, Бейсенбек және Бекболат жалғастырып, дәл осы кәсіпорында жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде бүгінгі әңгімеміз Бейсенбек Базарбайұлы жайлы болмақ.
Бейсенбек Жұмаділовтің бас қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорында еңбек етіп келе жатқанына 20 жылдан асты. Осы мекемеде практикадан өтіп, кейіннен маман ретінде жұмысқа қабылданды. Бұған әке әсері аз болмады. Қазір слесарь болып еңбектенетін ол жылу желілеріндегі ақауларды жедел қалпына келтіріп, жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін бригадаға жетекшілік етеді.
«Біздің Баршын ауылында дәнекерлеуші маман қат еді. Осы оқуды оқып, «Астана-Теплотранзитте» практикадан өтіп, әкемнің айтуымен қалып қойдым. Барлығы ұнады. Бастысы, тұрақтылық бар. Жұмыс өз уақытымен жүзеге асады. Әр бригаданың өз ауданы бар. Күнделікті шақырту болмаса, нақты кестемен жұмыс істейміз» дейді ол.
Бейсенбек Базарбайұлының жұмыстан тыс бос уақыты өз үйінің жанынан салған шеберханасында өтеді. Қолөнерге бала кезінен қызықты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бұған да әртүрлі бұйымдар жасайтын әке өнегесі әсерін тигізді.
«Ағашқа деген құмарлығым мектеп кезінен басталды. Шағын бұйымдар жасап, шеберлігімді шыңдадым. Оқу бітіргеннен кейін шахмат жасап көрдім. Жақсы шыққан сияқты. Содан қолөнермен шындап айналысайын деп шештім. Бірақ мәселе табыс табуда емес, өзіме осы ісім өте ұнайды. Адамдар қызығып жатса, жасаған затымды тегін-ақ сыйлық ретінде бергім келіп тұрады» дейді қолөнер шебері.
Ол домбыра, киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ секілді бөлшектерін, орындық, сандық, құдалық сияқты ұлттық дәстүрімізге сай шағын кәдесыйлар жасайды. Үйінің ауласына балаларға арналған ойын алаңын өз қолымен жасап шықты. Соның ішінде ағаштан әткеншек жасады.
Бейсенбек Базарбайұлы жұмысында да абыройсыз емес. Білікті маман ретінде өзін көрсетіп, еңбегі жоғары бағаланып келе жатыр. Бірнеше құрмет грамоталарымен, «Еңбек сіңірген энергетик» медалімен, «Құрметті энергетик» төсбелгісімен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, еңбегі арқылы биіктерге шығандап барады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ