Кәсіпкерлер құқығын қорғайды

2025 жылдың бірінші жарты жылдығында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы 214 бизнес субъектісінің бұзылған құқығын қорғауға ықпал етті. Жалпы сомасы 14 миллиард теңгеден астам қаражат кәсіпорындардың иелігінде қалып, жұмыс орындарын сақтауға, жаңа жобаларды дамытуға және елорданың іскерлік белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Түскен өтініштерді талдау нәтижесінде, кәсіпкерлердің құқықтары көбіне мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік бақылау және қадағалау, әкімшілік шараларды қолдану барысында бұзылады. Палата бизнесті қорғауды барлық кезеңде, келіссөздер мен сотқа дейінгі рәсімдерден бастап, сот процестеріне дейін кешенді түрде жүргізеді. Жарты жыл ішінде Палатаның қатысуымен 25 іс сотта қаралып, оның 10-ында шешім кәсіпкерлердің пайдасына шығарылды. Сонымен қатар, Палата мамандары әзірлеген 17 сараптамалық қорытынды бизнес мүдделерін қорғауда маңызды дәлел болды.
Мәселен, биыл қаңтарда «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы» ЖШС мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ тарапынан аванстық төлемдердің кешігуіне байланысты Палатаға жүгінді. Әңгіме МӘМС және ТМККК аясында медициналық қызметтерді қаржыландыру туралы болды. Ақпанда бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Палата мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде берешек толық өтелді. Бұдан бөлек, 2025 жылғы 28 ақпанға дейін Қор 2024 жылдың желтоқсан айы үшін 159 медициналық қызмет жеткізушісіне жалпы сомасы 13 миллиард теңге қарызды жапты.
Тағы бір мысал – «Bastion.KZ» ЖШС ісі. Қалалық прокуратураның ұсынысы бойынша Сәулет және қала құрылысы басқармасы кәсіпкер 200 миллион теңгеден астам қаржы салған жер теліміне жалға алу шартын бұзуды талап етті. Прокуратура органдарымен бірнеше кездесу нәтижесінде уақытша кейінге қалдыруға қол жеткізілгенімен, 2025 жылдың ақпанында мемлекеттік орган сотқа жүгінді. Палатаның тікелей қатысуымен сот талапты қанағаттандырусыз қалдырды. Маусым айында Сәулет басқармасының апелляциясы да қанағаттандырылмады, бұл компанияға жобаны жалғастыруға мүмкіндік берді.
«Біз бизнесті алғашқы келіссөздерден бастап, соттағы қорғауға дейін барлық кезеңде сүйемелдейміз. Әрбір ұтқан іс – бұл жай ғана статистика емес, бұл – сақталған инвестициялар, тұрақты жұмыс істеп тұрған компаниялар және кәсіпкерлердің өз құқықтарының қорғалатынына деген сенімі» деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев.