Астанада тәжікстандық өнімдер мен бұйымдардың жәрмеңкесі өтті

Астанада Тәжікстан Республикасының Соғды облысынан әкелінген ауылшаруашылық өнімдері мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Тәжікстаннан келген кәсіпкерлер мың тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін сатылымға ұсынды. Оның ішінде жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністер, кептірілген жемістер, жаңғақтар және бақша дақылдары болды.
Келушілер сондай-ақ ғасырлар бойғы дәстүрді сақтаған тәжік қолөнерінің бірегей бұйымдарын сатып ала алды.
Жәрмеңкеде ұлттық тағамдар да сатуға ұсынылған. Күн сайын 10 қазанда кемінде 1 тонна палау дайындалып, 6 тандырда 5 мыңнан астам нан мен самса пісіріледі.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар Тәжікстаннан келген әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен ерекше концерттік бағдарлама әзірледі.
Іс-шараның басты мақсаты – шағын және орта бизнестегі мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту мен қолдау, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланысты нығайту.
«Бұл – тек базар емес, нағыз мәдени оқиға. Мұндағы атмосфера сондай ерекше, шынымен де шығыс базарында жүргендей әсер қалдырады. Біз мұнда тек өнімдер мен кәдесыйлар алып қана қоймай, тәжік мәдениетінің рухын сезіндік», – деді іс-шара қонақтарының бірі.
Жәрмеңке 16 тамыз күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін, ал 17 тамызда 10:00-ден 19:00-ге дейін «Барыс Арена» мұз сарайының алдындағы алаңда (Тұран даңғылы, 57) өтті.