Биыл елордада жылу тарифі өзгере ме?

«Астана-Теплотранзит» АҚ басшылығы жылу тарифі құнына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Компания басқарма төрағасының орынбасары Серік Амангелдиновтің айтуынша, ұйым тарифті өзгертуге өтінім берген, алайда баға жақын арада өспейді.
— Баға өседі деген ақпарат жалған. Биыл көтерілген жоқ, 1 қыркүйектен бастап қымбаттау болмайды, — деді ол баспасөз туры барысында.
Оның мәлімдеуінше, жылу тарифін өзгерту туралы өтінімде бес жылдық кезең есептелген. Мақұлданған жағдайда тариф 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
— Әрине, бағаны көтеруді сұраймыз, себебі барлық материал және салық міндеттемесі қымбаттап жатыр. Барлық желі біздің баланста, активтердің құны жоғары. Сәйкесінше, салық жүктемесі де артып отыр. Осыған байланысты штат санын көбейтіп, материалдар сатып алу қажет, ал олар қымбат. Сондықтан баға қайта қаралады, — деп түсіндірді компания өкілі.
Биыл жылу тарифі шамамен 10%-ға өскен, келер жылы 20%-ға арттыруды ұсынып отыр.