Ел тынысы
Қазақстан астық экспортының географиясын кеңейтуде

Қазақстан астық экспортының көлемін арттыруға және географиясын кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің баспасөз орталығы алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Вице-премьер биылғы 7 айда астық баламасында 8,9 млн тонна астық пен ұн жөнелтілгенін хабарлады. Маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша астық баламасында 13 млн тонна экспорт болжануда.
«Орталық Азия, Иран, Әзербайжанға Ресей, Балтық жағалауы және Қара теңіз арқылы өтетін астық экспортының көлемі артты. Сондай-ақ Марокко, Алжир және Вьетнамға отандық өнім жеткізіле басталды»
, — деп нақтылады Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар вице-премьер өсімдік майларының экспорты 7 айда 384,6 мың тоннаға жеткенін, бір жылға болжам – 670 мың тоннаға жуық екенін атап өтті.