Елордада «Сөзмерген – 2025» шешендік өнер сайысы өтеді

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Сөзмерген – 2025» қалалық шешендік өнер сайысы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сайыстың мақсаты – жастардың мемлекеттік тілді жетік білуіне және насихаттауына ықпал ету, шешендік өнер арқылы студенттердің, әр салада қызмет ететін жастардың тұлғалық өсуіне ықпал ету, жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау, сөз құндылығын бағалауға, тәрихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға, этномәдени тәрбие беруге, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру.
4 кезеңнен тұратын сахналық сайысқа 18-45 жас аралығындағы журналистер, баспасөз хатшылары, мектеп мұғалімдері, мәдени мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері қатыса алады. Қазылар алқасы бір төраға және төрт тең дәрежелі қазылардан тұрады.
Сайыстың ережесіне сәйкес бірінші кезең «Мен, мен, мен едім…» деп аталады. Оның шарты: қатысушылардың реттік нөмірі жеребе арқылы таңдалып, реттік нөмірі бойынша өнер көрсетеді. Әр қатысушыға ситуациялық тапсырма беріледі. Яғни қоғамдағы бір дауды халық ортасына кіріп, бейтарап тұлға ретінде шешуге тырысады. Бұл жердегі басты мақсат – өзінің кім екенін, дауды шешуде репутациялық рөлінің қандай екенін шебер тілмен, астарлы оймен жеткізу. Тапсырмаға сәйкес осы кезеңде үміткер өзі туралы ақпаратты шебер жеткізе білуі тиіс.
Екінші кезең «Ділмар» деп аталады, бұл кезеңге бірінші кезеңнен 8-9-10 ұпай жинаған үміткерлер қатысады. Экрандағы ұяшықтан таңдаған тақырыпқа сөз сөйлеп, ой-пікірін ортаға салады, тақырыпты толықтай ашады, өзектілігін, проблемасын, шешімін айтады.
Үшінші кезеңнің атауы: «Тобықтай түйін». Бұл кезеңде алдыңғы кезеңнен ең жоғары ұпай алған 4 адам бақ сынайды. Әлеуметтік желідегі дауды бір ауыз сөбен шешеді: әр қатысушыға әлеуметтік желі форматындағы даулы мәселе беріледі. Ол өз ойын сол жерде жазбаша формада қағазға түісіріп, қазылар алқасына ұсынады. Ұсынылған әр жазбаша жауап сахнадағы мониторға жарияланады және сайыс жүргізушісі көпшілікке дауыстап оқып береді.
Төртінші кезең «Жиреншенің жолы» деп аталады. Жартылай финалдан өткен 2 үміткер сөз саптаудан жекпе-жекке түседі. Бұл кезеңде екі қатысушы бір-біріне сұрақ қойып, сөзден сүрінгенше тоқтамайды. Кім жауаптан тосылмай, соңына дейін жетсе, сол жеңімпаз. Ал тең түскен жағдайда қазылар алқасынан ортақ сұрақ болады. Кім бірінші әрі дұрыс жауап берсе, сол жеңімпаз.
Жүлде қоры:
Бас жүлде – 300 000 тг
Бірінші орын /біреу/ – 200 000 тг
Екінші орын /екеу/ – 100 000 тг
Үшінші орын /екеу/ – 75 000 тг
Қосымша сұрақтар бойынша: +7 747 200 2081 Маржан