Ел тынысы

Ұлттық кино орталығы төрт жаңа анимациялық жобаны өндіріске жіберді

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрт жаңа анимациялық фильмнің өндірісі басталғанын хабарлады. Жобалар мемлекеттік қолдауға ие болған және балалар мен жасөспірімдерге арналған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Анимациялық фильмдер отандық анимация саласын дамытуға, мәдени құндылықтарды насихаттауға және жас ұрпаққа арналған тәрбиелік, қызықты контент ұсынуға бағытталған. Ұлттық кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали бұл бағыттың маңызы екерше екенін атап өтті.

«Анимация – балалар мен жастардың дүниетанымын қалыптастыратын маңызды құрал. Ұлттық жобаларды қолдау арқылы біз мәдени мұрамызды сақтап қана қоймай, жаңа буын авторларға жол ашамыз. Сонымен қатар қазақстандық анимацияның сапасын арттыруға мүмкіндік береміз», – деді ол.

Қолдау тапқан жобалардың бірі – «STUDIO CUBIC» ЖШС ұсынған «Команда А» атты шытырман оқиғалы анимациялық фильм. Режиссерлері – Айдын Сақаман мен Расул Гаитов, продюсері – Дамир Айникеев. Фильмде жасөспірім қыз ата-анасымен бірге ойын-сауық планетасына сапар шегіп, бөтен ғаламшардағы күреске тап болады. Бұл – достық, отбасы мен өзара көмекті дәріптейтін оқиға.

Тағы бір жоба – «Netshards» ЖШС түсіретін «Бәйтерек туралы аңыз» атты дебюттік анимациялық фильм. Режиссер – Ағзам Максотов, продюсер – Бекзат Мырзахметов . Фильмде Қыран есімді жетім бала қасиетті ағаш – Бәйтеректі сақтау үшін сиқырлы рухтар әлеміне саяхат жасайды. Ол өзінің шығу тегін зерттеп, адамдар мен рухтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады.

Сондай-ақ, «САҚ-дала» ЖШС жобасы – «Алан туралы аңыз» фильмі де өндіріске жіберілді. Режиссер әрі қоюшы-суретші – Азамат Ерназаров, продюсер – Нұриддин Паттеев. Бұл туындыда зұлым күштер шабуыл жасаған бейбіт қаланы қорғау үшін күрескен Алан есімді батырдың ерлігі баяндалады. Фильм әділет, батылдық пен адалдық секілді құндылықтарды насихаттайды.

Төртінші жоба – «Жібек» фильмі. Сценарист әрі продюсер – Сәлімғали Мырзашев, режиссер – Оразбек Қайсанов, қоюшы-суретші – Төлеген Сүлейменов. Бұл фильм қазіргі Жібек жолының идеясынан шабыт алған. Нәресте кезінде айдаһар құтқарған Жібек есейіп, жоғалған керуенді іздеуге шығады. Ол туған далаға оралып, қыз баланың да батыр, көшбасшы бола алатынын дәлелдейді. Бұл жобалар отандық анимация саласына жаңа серпін беріп, жас көрерменге сапалы әрі мазмұнды туындылар ұсынбақ.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button