Жапонияның пара үстел теннисі құрамасының бапкері Астанаға тәнті болды

Жапонияның пара үстел теннисі құрамасының бапкері Чихо Кояма Астана қаласына ITTF World Para Challenger Astana 2025 халықаралық турниріне қатысу үшін келіп, елордадан алған әсерін жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Менің атым – Чихо Кояма, мен Жапониядағы интеллектуалды бұзылыстары бар адамдар қауымдастығының атынан келіп отырмын. Біз Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Астана бізге керемет әсер қалдырды – таза, әдемі қала. Кей жағынан Жапонияны еске түсіреді. Әріптестерімнің кейбірі: «Мұндағы көшелер Жапониядағыдай таза екен», деп айтып жатты. Бұл біз үшін жағымды тосынсый болды. Жалпы, Қазақстан туралы көп біле бермейтінбіз, бірақ енді сіздердің қонақжайлықтарыңызды ерекше ықыласпен еске аламыз. Көп-көп рақмет!» – деді Чихо Кояма.
Айта кетейік, аталған турнир Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ресми күнтізбесіне енгізілген және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындары мен әлем чемпионатына іріктеу кезеңі болып саналады.
Жарысқа Қазақстан, Жапония, Малайзия, Үндістан, Франция, Бельгия, Гонконг, Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Болгария, Ұлыбритания, Түркия және бейтарап спортшыларды (AIN) қоса алғанда, 15-тен астам елден 140-тан аса спортшы қатысып жатыр. Қатысушылар жекелей және жұптық сында бақ сынауда.
Астананың намысын турнирде тоғыз спортшы қорғайды:
Сауле Айдарханова, Гүлмира Қайдасова, Алтынай Ержанқызы, Александра Степанова, Балзия Таш, Жанна Әлиева, Ринат Гильфанов, Станислав Сигарев және Антонина Рогова.
Олар елорданың және елдің намысын қорғап, рейтингтік ұпайлар мен ірі халықаралық жарыстарға жолдама үшін күреседі.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан алғаш рет ITTF Fa20 Astana Para Open турнирін өткізген болатын. Бұл дода пара үстел теннисін аймақта дамытудағы маңызды алаңға айналды.