Бес жылдық белес бедері

Түрлі саяси, әлеуметтік оқиғаларға толы 1995 жылды жаңа кезеңнің сындарлы сәті деп еске аламыз. Осы жылы ел тарихындағы орын алған нысаналы оқиғалардың ағысында «Ақмола ақиқаты» газетіне бес жыл толды. Газеттің өзіндік беті, оқырманның үмітін ақтайтын келбеті, көкейтесті оқиғаны қозғайтын сара бағыты анықталды. Қаламгерлер қағидасында газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік деген бар. Бұл күндер табаны күректей 35 жылға да жеткенін бүгінгі күні дәлелдеп отыр.
Қоғамымызда кездесіп отырған экономикалық қиыншылықтар қалалық газеттерді де сырт айналып кеткен жоқ. Газет қызметкерлерінің жалақысы мен баспа шығындарына ақша болмай қалған кездер де болды. Редакция ұжымынан біраз журналистердің кетіп жатқанын да біліп отырдық. Қалалық әкімшілік пен мәслихат депутаттарымен қолдан келген көмегімізді жасап, газеттер шығарылымының тоқтап қалмауына бар күш-жігерімізді салып келеміз. Қазіргі күндерде еңбекақының аздығына, жұмыстарының түрлі қиыншылықтарға кездескеніне қарамастан қызметтерін жалғастырып отырған газет журналистері мен техникалық қызметкерлерге үлкен алғыс білдіреміз! Өйткені сексен мыңдай қазақ тұратын қаламызға мемлекеттік тілде шығатын «Ақмола ақиқаты» газеті қажет» деп қала әкімі А.Бөлекбаев газет ұжымын құттықтапты.
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жомарт Әбдіхалықов, бес жыл бұрынғы жағдайды еске алып: «Ол кездегі қайта құру, жаңаша түлеу, жалпы қоғамдық-саяси ахуал қалалық орысша, қазақша екі газеттің шығуына мүмкіндік бергені рас, бірақ дербес редактор басшылық ететін, қазақша газеттің – «Ақмола ақиқатының» шығуы «болмашы» дауға түсті, дегенмен ұсыныс-тілегіміз, дәлеліміз өтті. Міне, содан бері сәби жасындай бес жыл уақыт лезде өткен. Тіршілік дөңгеленіп неше түрлі күй кешуде. Қандай қиындыққа, тапшылыққа қарамастан екі газет қызметінің мақсаты да, міндеті де өлшеусіз. Оның қиындығы мен ауыртпалығы соған пара-пар. Мұны қалалық төлтума басылымның өткен бес жыл ішіндегі жеткен жетістігі, мазмұн сипатынан бұрынырақ ауызға алып отырғаным тегіннен-тегін емес. Біз, журналистер – әрдайым ел өмірімен бірге еншілес адамдармыз. Тосын қарап, жат санайтын мәселе оның қызметінде болмақ емес. Әлеуметтік мүдде, елдік тыныстың түбегейлі мұраттары: нақты шаруашылық, мәдениет, ғылым, білім, өнер, әдеп-әдет, денсаулық сақтау, спорт мәселелері – ұдайы назардан түспейтін тақырыптар. Бұл ретте «Ақмола ақиқаты» дәстүрлі баспасөз қызметіне сай өз жүгін маңдайға жазған бір басылымдай көтеріп, шыңдалып-шынығып келеді.
Белгілі қоғам қайраткері Алдан Смайылов газетке жариялаған «Қазақтың сыртынан тон пішіп…» деген мақаласында шешімі күрделі мың бір жағдайдың шетін шығарыпты.
«Қазақстанның бірқатар облыстарында да, оның ішінде солтүстігінде қазақ мамандарының тұтқалы орындарда әлі аз екендігі, бар бола қалған күнде сол аймақтарда көпшілік болып отырған ұлттың тамыр соғысына белгілі дәрежеде алаңдауға тиіс екендігі, олардың кейбірі әсіресе, «сыншылар» талап етіп жүргендей, саяси күштердің ара салмағына көзді жұмып қойып, шыққан тегіне бұра тарта алмайтындығы және мұның түбінде опа бермейтіндігі талап етіледі. Шындығына келгенде, тәуелсіздік жылдары талай игі істер атқарылды.
Ақмоланы алып қарайық. Облыс бойынша қазақ мектептерінің саны 70-ке жуықтап, балабақшасы 80-нен асты. Қазақ драма театры құрылып, Сәкен Сейфуллинге әсем ескерткіш орнатылды. Ақын тойы мен Қанжығалы қарт Бөгенбайдың мерекесі дүрілдеп өтті. Қаладағы төрт жоғары оқу орындарының барлық негізгі факультетінде қазақша дәріс оқылды. Осындағы ауыл шаруашылығы институтында, республикадағы сол білім ошақтарының ішінде алғашқылардың бірі болып, қазақ тілінде диплом қорғалды. Жер, елді-мекен және көше аттары өзгертілуде.
Мұның бәрін жылы жауып қойып, басшы атаулы қазақ мәселесіне теріс қарайды деу – күпірлік. Қазақта «үй сыртында кісі бар» деген сақтық мәтел бар. Олардың қазаққа жасаған, кейде сырт көзден тасалап жасап жатқан шаруалары туралы көпке ашып айтудың реті жоқ, тек қолдан келгеніңді аяп отырмағанын сездірсек те жетікілікті.
Өз ішіңнен шыққан, ел басқарып отырған азаматтарға сын да керек, жігерін жанитын халықтық демеу де керек. Ақмолада қазақ қауымынан шыққан жетекшілер саусақпен санарлық. Оларға реті келсін-келмесін, ұсақ-түйек мін тағып, тайдырып жібергенде, біздің жағдайымызда бұл орындарға иісі қазақтың қайта келуі қиын екенін ескертпей тұра алмаймыз» дейді. Ашық айтпаса да, астарында көптеген нәрсе қылаң береді. Мақала оқи отырып, ол кездегі ахуалдың ушығып тұрғанын, қазақы ортаның белсенділігі мен ұйымшылдығының маңыздылығын түсінеміз. Осы ретте өз жолын айшықтап, танымаған «Ақмола ақиқатының» шоқтығы шынында да биік еді.