Әке жолын қуған

Астана электротехника зауыты – электротехника жабдықтарын өндіретін еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Өнімдері тұрғын үй құрылысында, өнеркәсіпте, энергетикада, тау-кен секторында және ауыл шаруашылығында қолданылатын зауыт жас кадрларды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Соның бірі елорданың кәсіптік-техникалық колледжінің түлегі Сергей Белыйдың кәсіпорында жұмыс істеп жатқанына 4 айға жуықтады.
Сергей әкесінің жолын қуып, слесарь-құрастырушы болып еңбек етеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, отбасындағы тәрбие осы жолға салды. Кез келген еңбектен қаршадайынан қашпады. Сондықтан өсе келе жұмысшы мамандықты таңдап, кәсіптік-техникалық колледжге оқуға түсті. Практиканы дәл осы Астана электротехника зауытында өтті. Кәсіпорын басшылығы таудай талабын байқап, оқуын бітіргеннен кейін жұмысқа алды.
Айтпақшы, Сергей студент кезінде WorldSkills чемпионатына қатысып, тәжірибе жинақтады. Ал қазіргі жұмысы өзіне ұнайды. Мұндағы жалақы атқарған жұмыс көлеміне қарай есептеледі. Қолына ең кем дегенде 300 мың теңге тиеді. Кейде одан да асып кетеді. Кәсіпорын жұмыс киімімен қамтамасыз етеді, асхана жұмыс істейді. Сондықтан жас маманға алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.
Астана электротехника зауытында осы күндері 250-ден астам маман еңбек ететінін айта кетейік. Зауыт кернеуі 0,4 кВ-тан 110 кВ-қа дейінгі электр жабдықтарын жобалаудан монтаждауға шейін орындай отырып, азаматтық және өнеркәсіптік нысандар үшін жоғары технологиялық жабдықтар шығарады. Кәсіпорын Қазақстанның жетекші құрылыс, энергетика және өнеркәсіп компанияларымен, соның ішінде BI Group, BAZIS-A, SAT NS, «Қазақмыс» тобымен, KZ Агромашхолдингімен, Kaz Minerals компанияларымен ынтымақтастық орнатқан.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ