Қала мен сала

Теміржолшыны баулиды

Ел экономикасының күре тамыры саналатын темір жол саласының қызметкерлері жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде төл мерекесін атап өтеді. Биыл бұл мереке 3 тамызға түсіп тұр. 110 мыңнан астам адам еңбек ететін ҚТЖ компаниясында биыл осы мерекеде 1400-ден астам адам түрлі марапатқа ие болды. Соның ішінде бірқатары Мемлекет басшысы мен Премьер-министрдің қолынан марапатын алды. Солардың бірі – «ҚТЖ» ҰК»АҚ-тың Астанадағы Темір жол көлігі персоналын дамыту және бағалау орталығының өндірістік оқыту шебері, «Құрметті теміржолшы» атағының иегері Асқар Шокулбаев.

Салада 30 жылға жуық тәжірибесі бар теміржолшы еңбек жолын Аягөз депосында машинист көмекшісі болып бастаған. Одан соң машинист, локомотив бригадаларының нұсқаушысы, қозғалыс қауіпсіздігі бойынша бас ревизор, локомотив бригадаларының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Теміржолға жаңа сериялы тепловоздарды енгізу барысындағы жұмыстардың бел ортасында жүрді. ҚТЖ бизнес трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысты. 2018 жылдан бастап бүгінгі қызметін абыроймен атқарып, мамандарды оқытуда өзінің мол тәжірибесін көрсетуде. Білігі жоғары өндірістік оқыту шебері өз бағдарламасында ең озық деген әдістер мен педагогикалық технологияларды қолданады. Орталықта жұмыс істеген жылдар ішінде ол 50-ден астам типтік оқу жоспары мен жұмыс бағдарламалары, электронды курстарды әзірлеп, қолданысқа енгізді. Сонымен қатар ол – 3D модельдеуді енгізу бойынша инновациялық оқу бағдарламасын әзірлеген жұмыс тобының белсенді қатысушысы.

– Теміржол саласындағы мамандар білігін арттыру – қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Сондықтан оларды оқытуда дидактикалық материалдар, шығармашылық тапсырмалар, тәжірибелік жаттығуларды ұсына отырып, кәсіби деңгейін арттыруға басымдық беремін. Жаңа технологиялар үздіксіз енгізіліп жатқан дәуірде бізге үнемі ізденіс керек. Сондықтан ылғи заң мен нормативтік құжаттар, локомотив шаруашылығы, өндіріс қауіпсіздігі, еңбек қорғау, электр қауіпсіздігі бойынша арнайы әдебиеттерді оқып, зерделеп отырамын, – дейді теміржолшы.

Теміржол көлігін дамытудағы осындай табанды еңбегі бағаланып, көптеген марапатқа ие болды. 2013 жылы «Адал еңбегі үшін» салалық медалімен марапатталса, 2022 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алды. Ал биыл Премьер-министр Олжас Бектеновтің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып, құрметке бөленді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button