Әлеумет

Ұлттық банк төлем карталарына қатысты ескерту жасады

Қазақстан Ұлттық банкі «дропперлердің» төлем карталары арқылы жасалатын алаяқтық схемалар көбейгені туралы хабарлады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

— Кейінгі кезде жастар мен зейнеткерлерді алдап соғу жиілеп кетті. Олардың кейбірі саналы түрде, ал кейбірі білместіктен түрлі алаяқтық схемаларға араласып кетеді. Нақтырақ айтқанда, ақшалай сыйақы алу үшін өздерінің банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, ұрланған қаражатты басқа шотқа аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттарын ашып, «дропперлерге» айналып отыр.

Теріс пиғылды адамдар жастарды немесе зейнеткерлерді іздеп, оларды заңсыз қаржы операцияларына тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджер мен басқа да цифрлық платформаларды белсенді түрде пайдаланады. Алаяқтар оңай және жылдам табыс түсетініне уәде беріп, банк картасын ашуды және оның алдыңғы жағындағы 16 таңбалы нөмірді, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы CVV/CVC кодын, сондай-ақ қосымшаға кіру деректерін, яғни картаның барлық реквизитін беруді сұрайды. Қаскөйлер деректерді қолға түсіргеннен кейін өздерінің заңсыз қаржы операцияларын жүргізеді, соның ішінде алаяқтық жолмен иемденген ақшаны шығарып алады, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Қылмыстық кодекске сәйкес дропперлік схемаларға араласқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

—  Ұлттық банк азаматтарға банк карталарын және олардың реквизиттерін, соның ішінде мобильді банкинг қосымшасына кіруге арналған деректерді ешкімге бермеуге, сақ болуға және оңай табыс табуға уәде бергендерге сенбеуге, күмән туындаған кезде банк өкілдерімен кеңесуге, ал банк картасы жоғалған жағдайда оны дереу бұғаттап, бұл туралы банкке хабарлауға кеңес береді.

Егер сізге банк картасын сатып алу немесе үшінші тұлғаларға беруге қатысты күмәнді ұсыныстар түссе, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынамыз, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Оралда интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button