150-ден астам санкцияланбаған қоқыс үйіндісі жойылды

Елордада санкцияланбаған қоқыс үйінділерін жою және тәртіп бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаланың барлық ауданында мониторинг жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталады және кінәлі тұлғаларға әкімшілік айыппұл түріндегі жауапкершілік жүктеледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінге дейін 158 қоқыс үйіндісі жойылып, 226 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Бұл жұмысқа 149-дан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Аудандар бойынша жағдай келесідей:
• Байқоңыр ауданында – 36 үйінді жойылып, 16 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
• Есіл ауданында – 53 рұқсатсыз үйінді жойылып, 65 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
• Сарыарқа ауданында – 4 үйінді жойылып, 19 мың тонна қоқыс шығарылды.
• Сарайшық ауданында – 27 үйінді жойылып, 29 мың тонна қоқыс шығарылды.
• Алматы ауданында – 14 үйінді жойылып, 7 мың тонна қоқыс шығарылды.
• Нұра ауданында – 24 нүкте жойылып, 90 мың тонна қоқыс шығарылды.
Стихиялық үйінділермен күрес тек оларды жоюмен шектелмей, бақылаудың күшеюі және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы да жүргізіледі. Қалада арнайы мобильді топтар мен құқықбұзушылықтарды тіркейтін iKomek жүйесі белсенді жұмыс істейді.
Жыл басынан бері 25 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 345 млн теңгеден асты.
Рұқсатсыз орынға қоқыс тастағаны үшін жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (393 200 теңгеден 3 932 200 теңгеге дейін). Егер бұл құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайта жасалса, айыппұл 200-ден 2000 АЕК-ке дейін өседі (786 400 теңгеден 7 млн теңгеден астам сомаға дейін).
Сонымен қатар, қоқыс шығаруға пайдаланылған көлік құралдары мен өзге де мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша санкциялар қарастырылған. Бұл шаралар жаңа рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің алдын алуға және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған.