«Елорда жастары» бағдарламасының артықшылығы неде?

Астанада бес жыл бұрын басталған «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болғандардың қатары артып жатыр. Бүгінде жемісін беріп отырған жобаға қатысушылардың бірі Алмас Асқаров мемлекет бастамасының арқасында қалай үйлі болғанын айтып берді, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Алмас Мұратұлы мен оның отбасына бұл бағдарлама күтпеген мүмкіндік сыйлады.
«2019 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін баспана бағдарламасына қатысып, бес жыл бойы мемлекет берген пәтерде тұрдық. Пәтерге ай сайын шамамен 7500 теңге төледік. Ол кезде 2 баламыз болды. Осы уақыт өз баспанамызды сатып алуда өте маңызды рөл атқарды. Себебі біз жалдау уақыты біткенше, өз баспанамызды сатып алуға алғашқы жарна жинап үлгердік», – деді жобаға қатысушы.
Осылайша бес жыл бойы үйді арзан жалдап, бастапқы жарнаға ақша жинап, «Отбасы банкі» ұсынған ипотекалық бағдарлама арқылы елордадан үй алды.
Оның айтуынша, бұл бағдарламаның талаптары жастарға өте тиімді.
«Менің ойымша, бұл – өте тиімді әрі қажет бағдарлама. Мұндай үйде тұру арқылы сіз өзіңіздің болашақ пәтеріңіздің бастапқы жарнасын жинауға мүмкіндік болады. Биыл наурызда бес жыл бойы тұрған баспанамызды тапсырып, «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы Есілдің сол жағалауынан 1 бөлмелі пәтерімізді сатып алдық. Бұл біз секілді жұмыс істейтін жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Осындай бағдарлама үшін мемлекетке алғысымды білдіремін», – деді елордалық тұрғын.
Жобаға қатысушы келіншегі екеуі медицина саласында қызмет етеді.
«Сатып алған үйіміздің құны – 20 млн теңге. Бастапқы жарна ретінде 10 пайыз салып, биыл наурызда жаңа үйімізге қоныстандық», – деді Алмас Мұратұлы.
Еске сала кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасының несие сомасы 20 млн теңге, бастапқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Оған қатысушыларға 5 пайызға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Ал баспананы салынып жатқан тұрғын үй кешенінен, ескі және жаңа үйлерден де ала алады.