Ғасырлар жырын жеткізген

Астанадағы Күйшілер аллеясында «Ғасырлар үні» ескерткіші бой көтерді. «Күй анасы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен, елорданың Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен бой көтерген ескерткішке Тоныкөктен бастап Қаламқас Орашеваға дейін 110 жырау мен жыршының есімдері қашалған.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, жыршы, жырау Алмас Алматов бастаған руханият өкілдері, Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов, елорданың Қоғамдық кеңесінің мүшелері, белгілі өнерпаздар мен өнерсүйер қауым қатысты.
Алғашқы сөзді алған Ералы Тоғжанов бұл шын мәнінде рухты көтеретін іс-шара болғанын айта келе, домбыраның қадір-қасиеті, асқақ Астананың келбетіне тоқталды. Жыршы, К.Байсейітова атындағы Ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов жыраулар мұрасы тарихтың тірі жәдігері екенін айтып, оның құндылығын атап өтті.
Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов бұл мемориалдық нысанның жасалуына атсалысқан барша азаматтарға алғысын жеткізіп, алғыс хаттар тапсырып, сый-сыяпат жасады. Ескерткіштің рухани құндылықтар мен ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызы жайлы айтты.
Іс-шара аясында Дина Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев қордың дәстүрін жалғастырып, қор ашылғалы бері осымен 244-ші жас талапқа домбыра сыйлады. Бұл жолғы сый Күйшілер аллеясын абаттандырушылар басшысы Амантай Керімовтің қызы Аяулым Амантайқызына тапсырылды.
Белгілі күйшілер мен жыршылар ұлттық рухты көтеретін күйлер мен жырларды төкті. Атап айтқанда, Амандық Көмеков, Алмас Алматов, Тұрар Әліпбаев, қарт домбырашы Балқаш Нақанұлы, жас талап Нұртөре Қажымұрат өнер шашты. Осының алдында Күйшілер аллеясында күйші-композиторларға арналған ескерткіш орнатылған еді. Енді дәстүрлі әншілерге де осындай мүсін қою жоспарланып отыр.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ