Әке жолын жалғаған әулет

Адал еңбектің арқасында тірлігі түзеліп қана қоймай, кәсібі атадан балаға берілетін отбасылар баршылық. Солардың бірі елордадағы «Астана-Теплотранзит» АҚ 3-ауданы жылу желілерін пайдалану қызметінің №3 телімінің слесарі, бригадир болып 23 жыл еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Базарбай Жұмаділов.
Базарбай Оспанұлы 1961 жылы Целиноград облысы №96 бекетінде дүниеге келген. Әскерден кейін малшы болып, еңбек етті. 2001 жылы Астанаға келіп, сол жылы осы кәсіпорынға жұмысқа қабылданды. Содан бері жұмысына жауаптылығы мен мол тәжірибесі және саланы дамытуға қосқан үлесі үшін үлкен марапаттарға ие болды. Ол «Кәсібінің ең үздігі», «Алтын қол шебері», «Үздік учаске», Энергетика ардагері, «Үздік құрылымдық бөлімше», ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ұжымда бедел мен құрметке ие болып, кейінгі жастарға үлгі көрсетті. Төрт балалы әкенің үш ұлы бірдей және немересі де өзі еңбек еткен ұжымда оның қызметін жалғастырды.
Үлкені Болатбек Жұмаділов «Астана-Теплотранзит» АҚ-да өндірістік-жөндеу қызметінде дәнекерлеуші, слесарь, бригадир болып келе жатқанына 17 жылға таяды. Ортаншы ұлы Бесімбек Жұмаділов осы кәсіпорында 2-ауданның жылу желілерін пайдалану қызметінің №6 телімінің слесарі ретінде қызмет етіп келе жатқанына 21 жыл толды. Табанды еңбегі үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарын алған ол «Кәсібі бойынша үздік» және басқа да көптеген беделді атақтармен марапаттаған. Кіші ұлы, кәсіпорында №1 телім слесарі Бекболат Оспанның да 13 жылдық тәжірибесі бар. Оған да «Үздік телім», «Үздік жас маман» сияқты марапаттар берілген. Осылайша Жұмаділовтер еңбек әулетінің «Астана-Теплотранзит» АҚ-дағы еңбек өтілі 69 жылдан асады.
-Адам өзін адал еңбегімен көрсетсе, басшылар да, ұжым да сыйлап, құрметтейлі. Балаларым да менен үлгі алып, жолымды қуды. Себебі кәсіпорында еңбек бағаланады, жалақы уақытылы беріледі, ерен еңбегің сіңсе марапаттап ынталандырады. Еңбек жағдайы толық жасалған. Жұмыс киімімен қамтамасыз етеді. Сондықтан балаларым да абыройлы қызмет етіп, әулетіміздің мақтанышына айналып отыр, – дейді Базарбай Оспанұлы.
Оның айтуынша, кәсіпорын бірнеше аудандарға бөлінген, мәселен, ол өзі елордада Күмісбекова-Сейфуллина –Бөгенбай көшелері бойынша аудандағы жылу желілерінің жұмысына жауапты болған. Көкталға дейін созылатын бұл телім 3-аудан, №3 телім аталады.
-Осы телімдерде жазда күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Желі бойын тазалаймыз, жөндейміз. Басты мақсат – халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету. Көбіне көшедегі люктерді қардан, топырақтан тазалап, көмілім қалмауын қадағалаймыз. Менің өзім істеген телімде жалпы 1800 люк болды. Солардың өзінің кестесі бар, соған сай жөндеу жүргізіп отырамыз. Осы жұмыстарды ширек ғасырға жуық уақыт сапалы атқарып, бүгінде соны балаларым, тіпті немерелерім жалғастыруда, – дейді зейнеткер.
Бүгінде Базарбай Оспанұлы жұбайымен бірге 1 қыз, 3 ұлынан тараған 7-8 немересін, тіпті шөбересін қызықтап, ардақты әке, сүйікті ата болып отырған жайы бар.
Райхан Рахметова