Мақтанышым – Астана

Астана қаласы Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен қала күніне орай балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары қатысқан мерекелік жиын өтті.
«Байбала», «Тотоша» балабақшаларының кітапханасында жас өркендер Астана туралы өлең-тақпақ оқып, қолын кеудесіне қойып, Мемлекеттік әнұранды шырқады. Арнайы шақырылған қонақ – есімі елімізге таныс күйші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова үкілі домбырасымен бірнеше күйді тамылжыта орындап берді. Сондай-ақ бүлдіршіндер мен оқушылар алдында кітапхана меңгерушісі Г.Сұңқарбекқызы, «Байбала», «Тотоша» балабақшаларының меңгерушілері А.Лұқпанова, М.Раисова, ардагерлер С.Меңлібаева, М.Бердіғалиева, Қ.Құспан, Ж.Мұздаханова сөз сөйлеп, ел Астанасының 28 жылда өсіп-өркендегенін, дамып жатқанын қызықты дерек-дәйекпен әңгімеледі. Астана күніне арналған іс-шара аясында Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Ш.Үстемірова белсенді ардагерлерге алғыс хат табыстап, елорда дамуы мен жас ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып отырғандарға шын жүректен алғыс білдірді.
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ