Қоғамдық тәртіптің жайы қалай?

Астанада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қандай кешенді шаралар қолға алынған? Кеше қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтің қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы барысында бұл туралы елорданың Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев баяндады.
ессияны қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден жүргізіп отырды. Полиция департаменті бастығының айтуынша, биыл қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде елордада қылмыс саны 9 пайызға азайды. Барлық санаттағы қылмыстарды ашу көрсеткіштері жоғарылады. Атап айтқанда, соның ішінде кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық, бұзақылық, есірткімен байланысты қылмыстар, көлік айдап кету секілді қылмыстар бар.
«Мақсатты түрде жүргізілген жұмыстар алаяқтық, соның арасында интернет-алаяқтық қылмыстардың санын азайтуға және ашу деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік берді. Мұнда 77 адам және 3 топ ұсталып, 450 жалған хабарландыру мен заңға қайшы ақпараттарды орналастырған интернет ресурстар бұғаттауға жіберілді. Прокуратура және Қазтелекоммен бірлесіп, 3 алаяқтық колл-орталығы жойылды. «Астана – есірткісіз қала» атты 2024-2025 жылдарға арналған бағдарлама және нашақорлыққа қарсы республикалық кешенді іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Есірткіні онлайн сату арналарын анықтауға және жолын кесуге баса көңіл бөліп отырмыз. Есірткі заттарын таратушы 488 интернет ресурсы бұғаттауға жіберіліп, 48,5 миллион теңгеге 1792 карта бұғатталды. Есірткіні жарнамалау фактісі бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Есірткіге байланысты барлығы 588 құқықбұзушылық анықталып, 131-і тікелей есірткі сатуға қатысты болды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы өсті. Есірткімен байланысы бар 3 қылмыстық топтың және 1 есірткі зертханасының жолы кесілді» деді Марат Төлебаев.
Оның мәліметінше, елордада халық санының артуына қарамастан, 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 14 пайызға төмендеді. Қылмыс жағдайына көші-қон үдерісі де белгілі бір ықпалын тигізді. Жыл басынан бері Астанаға 24,5 мың шетелдік азамат келген. Жұмыс істеу мақсатында 90 пайызына уақытша тұруға рұқсат берілді. 605 қандас азаматтық алды. Қалалық полиция департаменті, әсіресе құрылыс саласында және базарларда жүрген шетелдік азаматтарға бақылау жүргізді. Шетелдіктер 70 қылмыс жасағаны анықталды. Түрлі құқықбұзушылық жасағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке 20 мыңнан астам шетелдік пен 141 жұмыс беруші тартылды. 250-ден астам шетелдіктің елімізде жүру мерзімі қысқартылды. 603 шетелдік елімізден шығарылды.
Қалалық Полиция департаментінің бастығы «Осы жылы жауапкершілікке тартылғандардың 37 пайызын еліміздің басқа қалаларынан елордаға келген 848 азамат құрады. Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы. Полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялап, профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды» дей келе, осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қорғауға, қолайлы өмір сүруге жағдай жасауға кешенді шаралар қабылданғанын жеткізді.
Оның айтуынша, «мүлдем төзбеу» қағидатын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасын тауып, соның аясында 733 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 9 млрд 265 млн теңгеге айыппұлдар салынды. Қалалық инфрақұрылымды сақтау мақсатында вандализмге қарсы және тазалықты сақтауға қатысты шаралар күшейтілді. Коммуналдық мүлікті бүлдіргені және жойғаны үшін 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның ішінде 60-тан астамы қамауға алынды. 99 адамға жалпы сомасы 6 млн-нан астам теңгеге, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 50 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 585 млн теңгеге айыппұл салынды. Рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында 170-ке жуық қараусыз қалған ғимараттар мен құрылыстар анықталды. «102» телефонына иесіз қалған құрылыстар аумағында орын алған түрлі құқықбұзушылықтар туралы 100-ден астам хабарлама түскен. Осыған байланысты департамент басшысы бұл құрылыстардың меншік иелерін немесе уәкілетті мемлекеттік органдарды оларды қоршауға міндеттеу керектігін, тәулік бойы күзет қоюға, бейнебақылаумен қамтамасыз етуге міндетті екенін айтып өтті.
«Төбелес пен басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қылмыс көп жасалатын ойын-сауық мекемелеріне жұма күнінен бастап жексенбіге дейін баратын учаскелік полиция өкілдері, жедел уәкілдер, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері кіретін жасақтар бекітілді. Жұмадан сенбіге дейін жаяу патрульдеуге департамент пен аудандық полиция басқармалары аппараты жұмылдырылады. Қоғамдық орындарда ішімдік ішіп жүргені үшін 120 миллион теңгеге 8 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Медициналық айықтырғышқа 5 мың 430 адам жатқызылды. Алкогольді сатудың тәртібін бұзудың 400 фактісі анықталып, 287 лицензия тоқтатылды, 20 лицензия тартып алынды. Нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде қылмыстар саны 25,4 пайызға азайды. Мас күйінде жасалған қылмыстар 8 пайызға төмендеді» деді Марат Төлебаев.
Департамент бастығы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстар басты назарға алынып, олардың алдын алуға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар тартылғанын жеткізді. Бұған қатысты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бойынша бөлініс құрылды. 3782 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 833 адам қамауға алынды. 412 адамға ерекше талаптар қойылып, оны бұзған 168 адам жауапкершілікке тартылды. 238 адам мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Дағдарыс орталығына 24 әйел мен 70 бала орналастырылды.
Марат Төлебаевтың айтуынша, өкінішке қарай, жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны көбейді. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар 212 қылмыс жасаса, оларға қатысты 120 қылмыс орын алды. Бұл тараптағы қылмыстардың өсуіне жасөспірімдер санының көбею және ата-аналар жағынан бақылау болмауы әсерін тигізді. Осыған байланысты ересектерге жауапкершілік күшейтілді. Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз жүруі және ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 4 мыңға жуық ата-ана және 126 ойын-сауық мекемесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Білім беру мекемелеріне Полиция департаментінен жауапты адамдар, жедел уәкілдер, учаскелік полиция инспекторлары және ювеналдық полиция қызметкерлері бекітілді.
«Экстремизм және терроризм идеяларын жақтайтын 97 бала анықталды. Олармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізілуде» деді Марат Төлебаев.
Оның баяндауынша, қала әкімдігімен бірлесе отырып, елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты шаралар қабылданып жатыр. Жол қаупсіздігі мен көше-жол желілерін дамытудың жай-күйіне қатысты әкімдік пен қалалық мәслихатпен бірлесіп құқықбұзушылықтың алдын алудың ведомствоаралық комиссияның 6 отырысы өткізілді. «Тасымалдаушы және жолда қабылдау» акциясы, «Борышкер», «Автобус» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық шаралары өткізілді.
«Қоғамдық көлікпен жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті арттыру мақсатында автопарктер басшылығымен жұмыс кездесулері және жүргізушілермен көлік тәртібі бойынша дәрістер өткізілді. 10-ға жуық мектеп жанына 170-ке жуық жол белгілері орнатылды және қалпына келтірілді» деді баяндамашы.
Оның айтуынша, жол қозғалысын бақылау кезінде 81 млрд 91 млн теңгеге 683 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 560 адам жүргізуші куәлігінен айырылды. 750 адам қамауға алынды. Мас күйінде көлік жүргізген 759 адам ұсталды.
Марат Төлебаев қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен департаменттің материалдық-техникалық жарақтандырылуы күшейтілгенін жеткізді. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру жұмысына тоқталды. Атап айтқанда, соңғы үш жылда Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа аудандарының полиция басқармалары және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ ғимаратпен қамтамасыз етілді. Департамент аппараты 2023 жылы жұмысқа барлық жағдай жасалған жаңа ғимаратқа көшірілді. Соңғы 2 жылда 10 учаскелік полиция пункті ашылды. Тағы 14 осындай пункт ашу жоспарланса, соның екеуі биыл есігін айқара ашты. Адамдар көп жиналатын орындарда 16 модульдік стационарлық бекет орнатылды. Биыл тағы 3 бекет орнатылмақ. Қоғамдық орындарда 25 «SOS» батырмасы жұмыс істейді.
Департамент бастығы проблемаларды да жасырмады. Жақында қалалық мәслихат депутаттары тиісті нысандарды аралау барысында олармен танысты. Соның ішінде Патрульдік полк полициясы 1964 жылы салынған ескі ғимаратта отыр. Әкімдік Қорғалжын тас жолы Ш.Айтматов көшесі қиылысында жаңа ғимаратқа жер телімін бөлді. Қазір сәйкес процедуралар жүргізіліп жатыр. Баяндамашы басқа да мәселелерді атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық мәслихат депутаты, мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Нұрлан Өтешев баяндама жасады. Мәслихат депутаттары сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ