Қоғам

Үздік студенттерге – жолдама

Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда астаналық колледждердің үздік студенттері марапатталды. «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай ұйымдастырылған іс-шара дарынды жастарды қолдауға бағытталды.

Салтанатты жиын аясында алдымен қаланың колледждерінде даярланатын мамандықтар бойынша көрме ұйым­дастырылды. Мұнда студенттер ақпарат технологиялары, туризм, медицина және өрт сөндіру қауіпсіздігі секілді жалпы 11 бағыт бойынша өз жетістігін көпшілікке паш етіп, колледж қабырғасында үйренген жобаларын таныстырды. Оқу шеберханаларында жасалған бұйымдар мен заманауи технологиялар да келушілерге ұсынылды.

Жиын басында сөз алған елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен қаладағы 32 колледжде 38 мыңнан астам студент білім алып жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде 24 мыңнан астамы мемлекеттік грант негізінде оқыса, 11 мыңнан астам студент биыл түлек атанды.

– Кәсіптік және техникалық білім беру саласы заман сұранысына сай шәкірттерге тәлім беруді қолға алған. Бүгінде электромобильді жөндеу, киберқауіпсіздік, ландшафттық дизайн секілді жаңашыл мамандықтар үйретіледі. Биыл 4 колледж ғимаратын жаңарту жоспарланған. Жыл соңына дейін 1 мың орынға арналған жатақхана қолданысқа беріледі, – деді ­Е.Берікұлы.

Мерекелік жиында оқуда озат атанған, түрлі байқауда топ жарып, ғылыми жобаларымен ерекше көзге түскен 17 студент іріктеліп, оларға арнайы алғыс хат пен қала кәсіпорындарында жұмысқа орналасу туралы жолдама табысталды. Сондай-ақ кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің дамуына үлес қосқан оқытушылар мен әлеуметтік серіктестер де марапатқа ие болды. Іс-шара аясында «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің 500 түлегіне салтанатты түрде диплом берілді.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші артып қана қоймай, білім алушылардың әрі қарай өз мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыру көрсеткіші жыл сайын өсуде.

Іс-шарада марапат алғандардың қатарында «Қазақстанның үздік 100 студентінің» бірі және халықаралық Worldskills байқауының жеңімпазы, елордалық Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің түлегі Еркебұлан Махмұтов болды.

«Студент кезімнен бастап наубайхана құзыреттілігі бойынша түрлі жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Бүгінде, міне, өзім Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына студенттерді дайындап, өз тәжірибем негізінде барынша үйретіп жатырмын» деп бөлісті Е.Махмұтов.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button