IT және ЖИ саласындағы кадрларды дамыту туралы Меморандумға қол қойылды

26 маусымда ҚР ҒЖБМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы А.Құсманов және ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Байтұрсынов өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберіндегі ынтымақтастық бағыттарының бірі кәсіби әлеуетті, оның ішінде жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) бағыты бойынша дамыту. Бұған қоса, «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеу қағидалары, «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша ақпарат алмасуды, сондай-ақ кадр мәселелері бойынша консультацияларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Әлемдік жетекші компанияларда IT және ЖИ саласындағы мамандардың кәсіби тағылымдамаларына ерекше назар аударылатын болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектті жедел дамыту және пайдалану мәселесін бірнеше рет көтергенін атап өту маңызды. Осыған байланысты, ЖИ саласындағы қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру елдің кадрлық әлеуетін дайындауға және дамытуға үлес қосады.
Меморандумға сәйкес тараптар инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлау саласындағы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрландыру, инновациялық даму және аэроғарыш технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетуге келісті. Кездесуге сондай-ақ Astana Hub және «ҰАТ» АҚ өкілдері де қатысты.