Жөндеу жүріп жатыр

Астана қалалық мәслихатының отырысында елордадағы қоғамдық кеңістіктерді, саябақтар мен алаңдарды жөндеу және қайта жаңғырту мәселелері талқыланды. Атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Астананың 6 ауданының әкімдері, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы, сондай-ақ «Астанагенплан» ЖШС өкілі есеп берді.
Бүгінде қалада абаттандыруға қатысты 8 ірі жоба бойынша құрылыс-монтаж жүргізілуде. Атап айтсақ, Есіл өзенінің жағалауы – Сарайшық көшесіндегі көпірден бастап Қабанбай батыр даңғылындағы көпірге дейінгі учаскені қайта жаңғырту басталды. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов пен И.Панфилов көшелерінің қиылысындағы саябақ – брусчатка, жиектас және жарық бағанасының демонтажы аяқталды.
Елордадағы Мәңгілік ел даңғылы бойында (1-кезең) сыртқы жарықтандыру және суару жүйесінің желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Мәңгілік ел даңғылы бойында (2-кезең) желілер тарту жұмыстары аяқталып, көгалдандыру жүріп жатыр.
Президент саябағын қайта қалпына келтірудің алғашқы кезеңі 100 пайыз аяқталды, қазір субұрқақты бетондау жұмыстары басталды. Ал Студенттік саябақ (Қ.Сәтпаев – Қажымұқан – Тәуелсіздік көшелері аралығы) маңында құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанды пайдалануға беру жүргізілуде.
Сығанақ көшесі (Қабанбай батыр даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін) бойында жаяу жүргінші аймағы, веложол және көгалдандыру жұмыстары толық аяқталды.
Бейбітшілік пен келісім саябағы маңындағы «Өмір ағашы» монументінің металл құрылымдарын орнату аяқталды. Барлық жобалардың жүзеге асырылуы депутаттық корпус бақылауында. Қоғамдық кеңістіктерге жүргізілген сапарлар барысында анықталған бірқатар ескерту аудан әкімдіктеріне жетті.
Кендебай АДАМБЕК,
Астана қаласы
мәслихатының депутаты