Күй құдіретін танытқан туынды

Жуырда қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың «Күй» хикаятының негізінде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында тарихи драманың премьерасы өтті.
«Күй» – күрделі туынды. Жазушының әлем оқырмандарына белгілі «Дала балладалары» цикліне енген бұл шығармасының құндылығы мен қуаты бүгінгі күннің талап-тілектеріне де толыққанды жауап бергендей. Адайлар мен түркімендер арасындағы итжығыс, «жер дауы мен жесір дауы» көрші қонған екі елді біраз жыл сарсаңкесек әбігерге салған-ды. Азаматын жоқтап аза тұтқан ағайын; көзі жәудіреген жарын, құлдыраңдап алдынан жүгіре шығатын сәбиін қимастықпен атажұртына тастап, жорыққа аттанатын жаужүрек батырлардың алдын не күтіп тұрғаны белгісіз талайлы тағдыры; бірде түркімендер, бірде адайлар жеңіске жетсе де түбектегі жұрттың тұрақты тыныштыққа қол жеткізе алмауы; барымта, өрістің тарылуы… хикаятта осы секілді оқырманға бұрыннан мәлім толып жатқан жанды эпизодтар сахна тіліне көшіріліп, көрерменді тосын толғанысқа жетелейді.
Қазақ батыры Дүйімқарадан кек алмайынша шыбын жаны тыныш таппайтын түркімен Жөнейіттің образы сахнада шынайылығымен көпшілік көкейінен шықты. Кенже ұлы Дәулеттің өлімі, аңға шығып жайбарақат жүрген Күйшінің қолға түсуі, Күйші мен Жөнейіттің іштей психологиялық арпалысы, қолы қылыш сабынан босамаған түркімен батырының ақырында өмір бойы «жау, жау шаптылаған» тірлігінің түкке алғысыз екендігін түсініп, күйдің сарынына сынып бас июі, мына жалған дүниеде өнерден артық құдіреттің жоқтығына көзін жеткізіп, мойындауы – көрерменді оқыс ойлануға итермелейді, бұл жағдайдың бүгінде өзектілігін жоймағандығын дәлелдейді.
«Күй» – жазушының әлемдік әдебиет ағымына тосын әрі толғақты тақырып мәңгүрт, мәңгүртизмнің негізін қалаған және аузы дуалы дүйім ел құрметтеген қаламгерлер үздіксіз айтып жүргендей, сан тілге аударылып, өз оқырмандарын тапқан айтулы туындысы. Сахнада да ақыл-есінен айырылып, қайдан шыққанын, ата-бабасының кімдер екенін білмей, малмен бірге өріп, малмен бірге тірлік кешкен мәңгүрттер бейнесі де толымды штрихтармен толыға түсті. Режиссерлік шешім, оркестрдің ойнақы әуені, көздің жауын алатын жалт-жұлт еткен сәулелер, ат тұяғының дүрсілі, Күйшінің басын қылтитып торға қамалуы – жарасымды үйлесім, әдемі үндестік тапқан. Жөнейіт, Күйші, Мәмбетпана, Аннадүрді, Адай би, Көкбөрі, Дәулет бейнелерін сомдаған театр әртістерінің шеберліктері жайлы театр мамандары алдағы уақытта айта жатар.
Екі күндік премьера аншлагпен өтті. Күрделі шығарманың айтар ойы мен негізгі түйінін шашау шығармай, сахнаға жанкештілікпен шығара білген белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың еңбегі көрермен алғысына бөленді. Шығарманың инсценировкасын жазған белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың режиссермен түсіністік жағдайда, шығармашылық тұрғыда жұмыс істегені анық аңғарылып тұрды.
Шарапат ӘЛИСҰЛТАН