Назарбаев Университетінде инновациялық идеяларға арналған медиа-тур өтті

Астана, 2025 жылғы 20 маусым – Назарбаев Университетінде «Ақылды болашақ: студенттік идеялардан әлемдік серпілістерге» атты медиа-тур өтті. Іс-шара барысында студенттер, зерттеушілер мен жаңашылдар экология, энергетика, жасанды интеллект және ғарыш салаларындағы жобаларын таныстырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараны Назарбаев Университетінің Тұрақты даму офисі ұйымдастырды. Бұл медиатур Sustainability Living Lab бағдарламасының жобаларын таныстыру сериясын ашты. Аталған бағдарлама қазіргі таңда Қазақстанның 12 жоғары оқу орнын қамтып отыр. Ол жастарға инновациялық шешімдер жасап қана қоймай, оларды нақты өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, осылайша тұрақты дамуға тікелей үлес қосады.
Назарбаев Университеті Қазақстанның тұрақты даму, цифрландыру, энергетика және медицина салаларындағы стратегиялық басымдықтарын қолдайды. Университет – академиялық ғылым мен тәжірибе тоғысатын, ал студенттердің идеялары нақты әлеуметтік мәселелердің шешіміне айналатын орта.
Іс-шарада ұсынылған жобалар қатарында:
Bulan Bikes – Nissan Leaf-тің қайта өңделген батареялары негізінде жасалған экологиялық электровелосипедтер. Бұл жоба студенттердің уақыты мен қаражатын үнемдеуге, кампустағы қызметтік көлік жүйесін жақсартуға және көміртегі ізін азайтуға бағытталған. Велосипедтер онлайн-мониторинг жүйесімен жабдықталған. Болашақта жобаны өзге университеттерге тарату жоспарлануда.
Watermatic – су айдау станцияларын толығымен автоматтандыратын және қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін жүйе. Жүйе іске қосылғаннан кейін су ыдыстарын қолмен толтыру және үнемі бақылау қажеттілігі жойылды. Суару үздіксіз іске қосылып, суды тұтыну тиімділігі артты.
EcoWare – бидай ұнынан өндірілетін биоыдырайтын экологиялық ыдыс-аяқ. Табиғи шикізат пен тағамдық бояғыштар, крахмал мен глицерин арқылы жасалған өнімдер табиғатқа зиянсыз. Жоба патент алу сатысында және пилоттық өндірісті бастауға дайын.
EcoWoolPellets – қой жүнінен жасалған түйіршікті тыңайтқыштар. Бұл тыңайтқыштар топырақ құрылымын жақсартады, судың жетіспеушілігін 30–50%-ға дейін азайтады және ауыл шаруашылығындағы химиялық заттарды қолдануды төмендетеді.
IntelStore – тауарларды сақтау мен жинаудың интеллектуалды кубтық жүйесі. Роботтандырылған технология сақтау орнын 75%-ға дейін үнемдеуге, тапсырыстарды 3–5 есе жылдамырақ орындауға және қателерді азайтуға мүмкіндік береді. Жүйе бизнеске, дәріханаларға, логистикалық орталықтарға және өндірістік салаларға бейімделе алады.
Whole Genome Project – қазақ халқының генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған ауқымды жоба. 500-ден астам толық геномнан құралған биобанк диагностикалық панельдерді, фармакогенетиканы және дербестендірілген медицинаны дамытуға негіз болды. Зерттеулер 2013 жылдан бері Медицина және гуманитарлық ғылымдар мектептерінің қатысуымен жүргізілуде.
ISSAI – Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты өз экожүйесін таныстырды:
- KazLLM – қазақ тіліндегі алғашқы ірі тілдік модель (70 миллиард параметрге дейін);
• MangiSoz – тілдер арасындағы аудармасы бар сөйлеуді тану және синтездеу сервисі;
• Oylan2 – мәтін, дыбыс және суретпен жұмыс істейтін мультимодальды модель;
• TilSync – шынайы уақытта субтитр және аударма генераторы;
• Beynele – қазақ мәдениетін бейнелейтін көптілді сурет генераторы;
• Mangitas 01 – ЖИ инференсіне арналған жергілікті сервер, Қазақстанның дербестігін және ЖИ-ке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект және ғарыш – Назарбаев Университетінің зерттеушілері ғарыш сигналдарын дешифрлеу үшін нейрожелілер мен суперкомпьютерлерді пайдаланады. Бұл астрономияда жаңа мүмкіндіктер ашады және ғарыш деректерін өңдеу дәлдігін арттырады.
Торий энергетикасы – дәстүрлі ураннан айырмашылығы, торий анағұрлым қолжетімді, қауіпсіз, радиоактивті қалдықтар аз және әскери мақсатта пайдалануға келмейді. Бұл жоба Қазақстанның төмен көміртекті энергетика саласында жасанды интеллект пен нанотехнологияларды біріктіре отырып жаңа шешімдерді іздеуге бағытталған. Сонымен қатар, ол ауруларды ерте диагностикалау және жалпы экологиялық қауіпсіздікті арттыру мүмкіндігін береді.
Іс-шара бейресми networking-сессиясымен және жобалар авторларымен еркін форматтағы диалогпен аяқталды. Қонақтар сұрақ қойып, технологияларды сынап көріп, жобаларды ауқымдаудың жолдарын талқылауға мүмкіндік алды.