Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Балалар жарақаттануының және судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Астана қаласының Полиция департаменті ювеналдық полиция қызметкерлері бірқатар ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Атап айтқанда, балалардың көп шоғырланатын орындарында – саябақтарда, скверлерде, «Есіл» өзенінің жағалауында, тұрғын үй кешендерінің аулаларында тәртіп сақшылары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған жадынамалар мен парақшалар таратты. Бала қауіпсіздігіне қатысты лекциялар мен әңгімелер ұйымдастырылып, балалар мен ата-аналарға күнделікті өмірде сақтық шараларын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп, су айдындарында және көпқабатты үйлердегі терезелерден құлаудың алдын алу бағытында рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Шомылу маусымы басталғаннан бері кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында ата-аналар мен балалар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 3450-ге жуық адамды қамтыған 35 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды, оның ішінде 1950-ге жуығы – балалар. 3000-нан астам ақпараттық брошюра таратылып, 20 мыңнан астам оқушыны қамтыған 215 дәріс пен кездесулер өткізілді.