Алаяқтық құрбаны болмаудың амалы қайсы?

Еліміздегі алаяқтық азаматтардың бас ауруына айналды: «банк қызметкерлерінен» телефон қоңыраулары, интернеттегі жалған хабарландырулар, күмәнді инвестициялардан үйіп-төккен уәде. Мұндай схемалар көпшілікке таныс және ол күн сайын күрделене түсуде.
Қазақстан прокуратурасы осы ретте заңның сақталуын қадағалап қана қоймай, азаматтарға өздерін қорғауға көмектеседі. Статистикаға көз жүгіртсек, 2024 жылы интернет-алаяқтықтың 22870 жағдайы тіркелді, ал 2025 жылдың 5 айында 10145 факті анықталған. Алаяқтық фактілері бойынша Астана биыл 1548 жағдаймен көш бастап тұр, одан кейін Алматы қаласы (1114), Қарағанды облысы (868), Павлодар облысы (861), Ақмола облысы (792) бар. Ел бойынша осы жылы алаяқтардан 17909 адам зардап шекті, олардың ішінде 1131 зейнеткер мен 50 кәмелетке толмаған жастар бар. Осы аралықта алаяқтар интернеттегі жалған хабарландыруларды (2104) және «банк қызметкерлерінен» (2118) қоңырауларды жиі қолданған. Тағы бір түрі – «инвестициялық» алаяқтық, бұл түрі бойынша адамдар жинағын жоғалтады, кейде қарызға батады. Алаяқтарды ұстау және іздеу оңай емес, өйткені олар көбіне шетелде отырады, бірақ прокуратура кінәлілерді жауапқа тарту үшін халықаралық серіктестермен жұмысты күшейтуде.
Неліктен алаяқтар мәселесі асқынуда? Басты себебі – ғаламтордың дамуы, сонымен бірге түрлі қауіп көбейді. Адамдардың көбі ақпаратты тексермей, бейтаныс адамдарға сенеді, зейнеткерлердің жартысы алданып жатқанын байқамайды. Прокуратура органдары Қазақстанның және басқа елдердің құқық қорғау органдарымен іс-қимылды үйлестіреді, бірақ алаяқтыққа қарсы басты қару – әр адамның қырағылығы.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Бірінші, бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Олар «банктен» қоңырау шалып, кодты немесе карта деректерін талап ете ме? Бұл – алаяқтар. Телефонды қойып, ресми сайтта көрсетілген нөмірге – банкке қайта қоңырау шалыңыз.
Екінші, онлайн мәмілелерді тексеріңіз. Интернеттен сатып аласыз ба? Сайттың қауіпсіз («https://» мекенжайынан) және сатушы нақты екеніне көз жеткізіңіз. Тым төмен баға – қауіпті дабыл белгісі.
Үшінші, инвестициядан сақ болыңыз. Жылдам табыс уәде етілген бе? Компанияны ҚР Ұлттық банкі арқылы тексеріңіз. Лицензиясы болмаса, бұл алдау.
Төртінші, алдын ала төлемеңіз. Хабарландыру сайттарында тауарды алғаннан кейін төлем жасауға немесе кездесуге келіссөздер жүргізіңіз.
Бесінші, деректерді қорғау керек. Құжаттардың суретін бейтаныс адамдарға жібермеңіз. Күрделі құпия сөздерді және екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз.
Алтыншы, бірден хабарлаңыз. Егер сіз алданып қалсаңыз, шотты бұғаттау үшін дереу банкке хабарласыңыз және полицияға арыз беріңіз.
Құқық қорғау органдары алаяқтықты азайту үшін бәрін жасауда. Заңның сақталуына бақылау күшеюде, банктермен және халықаралық серіктестермен жұмыс жүргізілуде. Бірақ азаматтардың көмегінсіз бұл қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан екі тараптан да бірлескен жұмыс жүргізу – алаяқтықты ауыздықтаудың тиімді амалы.
Райхан РАХМЕТОВА