Балалардың терезеден құлауының алдын алу шаралары жүріп жатыр

Елордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Қуаныш Тоқсарин, Астана қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нысантаев және №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының медициналық бөлім жөніндегі директор орынбасары Динат Көжекенов мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының ТЖД ювеналды полициямен, ПИК төрағаларымен және еріктілермен бірлесе отырып, көпқабатты тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына жадынамалар таратып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Қуаныш Тоқсариннің айтуынша, бүгінде 225-тен астам көпқабатты үй араланып, 5 500-ден астам жадынама кіреберістер мен лифтілерге орналастырылған, 18 000 тұрғынға түсіндіру жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар, елорданың 115 мектебінде 4 500-ден астам оқушыны қамтыған сабақтар, 87 балабақшада профилактикалық шаралар өткізілген. Ақпараттық материалдар ата-аналар мен тұрғын үй чаты арқылы да кеңінен таратылуда.
Спикер қауіпсіздік шараларын да атап өтті:
Үйде кішкентай балалар болған жағдайда терезені ашық қалдырмаңыз;
Балаларды, әсіресе терезе маңында, қараусыз қалдырмаңыз;
Москит торы – қауіпсіздік құралы емес, олар баланың салмағын көтере алмайды;
Терезелерге арнайы құлыптар мен бекіткіштер орнатыңыз;
Терезе маңына жиһаз қоймаңыз – бала оған шығып, терезеге жетуі мүмкін.
Балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу үшін Полиция департаменті де түсіндіру жұмысын күшейтті. Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нысантаев қазіргі уақытта ата-аналармен жұмыс жүргізу мақсатында тұрғын үйлерді аралау белсенді жүріп жатқанын айтты.
Сонымен қатар, саябақтарда, скверлерде, жағалаулар мен сауда орталықтарында қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратылып жатыр.
№2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының медициналық бөлім бойынша директор орынбасары Динат Көжекеновтің айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында жарақат пунктіне күніне шамамен 400 бала жүгінген. Жазғы маусымда бұл көрсеткіштің артуы болжанып отыр. Жалпы алғанда, аурухананың стационарына күніне 900-ге дейін, кей күндері 933 балаға дейін түседі.
Балалар жарақатының өсуіне негізгі себептер – урбанизация, балалар санының көбеюі және көлік қозғалысының артуы.
Дәрігерлер мен мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарауға және ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға шақырады.