Архивке – аманат, тарихтан – тағылым

Халықаралық архивтер апталығы аясында журналистика мен рухани мұра саласына сүбелі үлес қосқан белгілі тележурналист, марқұм Бейбіт Құсанбек пен «Архив саласының үздігі» Ғазиза Исаханның өнегелі өмір жолына арналған тағылымды іс-шара өтті.
«Тамыры тереңдеген тұлға» тақырыбымен өткен іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Іс-шара аясында Ғазиза Исахан өзінің отбасының жеке архив қорын мемлекеттік қорға табыстады. Сондай-ақ келген қонақтар назарына «Ұлттық құндылықтарға ұласқан…» атты фотоқұжаттық көрме ұсынылды. Онда Бейбіт Құсанбек пен Ғазиза Исаханның өмірі мен еңбегіне қатысты отбасылық мұрағаттан алынған тың материалдар, жеке құжаттар мен жыр жинақтары қойылды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Бейбіт Құсанбектің журналистикадағы жолын, елге сіңірген еңбегін айырықша атап, Бейбіт Құсанбектің елдік мұрат жолындағы ізденісі мен Ғазиза Исаханның архив саласындағы қажырлы еңбегіне кеңінен тоқталды.
Сөз кезегінде Ғазиза Тұрмағанбетқызы жары Бейбіт Құсанбектің шығармашылық мұрасы, отбасылық архивтің мән-маңызы туралы айтып өтті. «1989 жылдан бері Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік архивінде қызмет еттім. Сол кезден бері жинақтаған мұрағаттарым мен Бейбіттің қолжазбалары, лекциялары, бейнематериалдарын Астана қаласының мемлекеттік архивіне табыстап отырмын. Бұл – өткенді қадірлеу әрі келешекке мирас қалдыру» деді ол.
Іс-шарада Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин Ғазиза Исаханға алғыс хат пен естелік сыйлық табыстап, архивке қабылданған 300-ден астам құжаттың тарихи маңызын атап өтті. Оның ішінде жеке фотосуреттер, журналистика мен кино саласына қатысты материалдар, сирек кездесетін жазбалар бар. Сондай-ақ ол Ғазиза Исаханның «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарған елеулі еңбегіне тоқталды. Атап айтқанда, Парижге арнайы барып, Мұстафа Шоқайдың жеке құжаттарын елге жеткізіп, мемлекеттік қорға өткізуі – архив саласындағы айтулы оқиға. Аталған құжаттардың арасында Мұстафа Шоқайдың өз қолымен жазған хаттары мен оған арналған жазбалар бар.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Жандос Бекділдаұлы Ғазиза Исаханға шапан жауып, құрмет көрсетті. Осылайша бұл тағылымды кездесу архив ісінің қоғамдағы рөлін, отбасылық шежіре мен тарихи жадыны сақтау мәдениетін дәріптеген маңызды іс-шара ретінде есте қалды.
Ақтілек МЕРЕКЕ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық
университетінің студенті