Қоғам

Астанада жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін байқаулар жариялануда

Бүгін Астана қаласының Коммуникациялар қызметінің алаңында Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов пен Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омардың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз конференциясы барысында  олар елордада қолға алынған маңызды жобалар, байқаулар және бағдарламалар жайында баяндап берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Еңбек жолы» – жұмысшы мамандықтарын дәріптеу байқауы

«Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов ағымдағы жылы жарияланған екі маңызды конкурс – «Еңбек жолы» және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурстары туралы жан-жақты ақпарат берді.

«Еңбек жолы» байқауы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы аясында, Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде өткізіліп отыр. Конкурс еңбек дәстүрін ұлықтау мен жастарға өнеге көрсетуді көздейді.

«Үміткерлер үш номинация бойынша қатыса алады: «Үздік еңбек әулеті» – көпжылдық еңбек өтілі мен марапаттары бар еңбек династияларына арналған; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – 20 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады; «Өндірістің үздік жас маманы» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, өндірісте белсенділігімен көзге түскен жас мамандарға арналған. Өтінімдер 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады», – деді Ерлан Жүсіпов.

«Парыз» – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне негізделген байқау

Сонымен қатар бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Парыз» байқауы да жалғасуда. Конкурс төрт негізгі номинацияны қамтиды:

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» – қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тарту және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады; «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» – қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ететін компаниялар; «Үздік ұжымдық шарт» – еңбек қатынастарын жетілдіріп, қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын кеңейткен ұйымдар; «Экологияға қосқан үлесі үшін» – қоршаған ортаны қорғауға арналған нақты шараларды жүзеге асырған кәсіпорындар. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.

Биыл қыркүйек айында Еңбек күніне орай елордада Еңбек форумы, «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау, спорттық және мәдени іс-шаралар өтеді.

Астанадағы еңбек нарығы – тұрақты даму жолында

Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар өз сөзінде Астана қаласының еңбек нарығындағы ахуал тұрақты екенін жеткізді. Қазіргі таңда елордада жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрап отыр. Бүгінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіби біліктілікті тану және «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар табысты іске асып жатыр.

 Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту

Мақсаты – жұмыссыз азаматтарды нақты нарықтағы сұранысқа сай мамандықтарға оқытып, жұмысқа орналастыру. Оқыту мерзімі 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта өтеді. Білім алу тегін және оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналасады. Қатысушыларға стипендия (43 574 тг) және медициналық тексеруден өтуге 7 864 тг көлемінде біржолғы көмек қарастырылған. Қазіргі таңда жұмыссыз азаматтарға тігінші, аспаз, арматурашы, тәрбиешінің көмекшісі, фитнес нұсқаушы мамандықтары бойынша оқуға қабылдау ашық.

 Кәсіби біліктілікті тану

Практикалық тәжірибе арқылы мамандықты меңгерген жұмыссыз азаматтар арнайы орталық арқылы кәсіби біліктілігін ресми түрде растай алады. Бұл жұмыс тәжірибесі бар азаматтардың кәсіби қабілеттерін ресми құжатпен дәлелдеуге мүмкіндік беретін жаңа механизм. Кәсіби біліктілікті тану рәсімін Тану орталығы жүзеге асырады. Бағалау нәтижесі оң болған жағдайда, кәсіби біліктілікті тану туралы куәлік беріледі. Қызметті Career Enbek платформасына жұмыссыз ретінде тіркелгендер ала алады. Мысалы, IT саласында 23 адам инженер-программист, веб-дизайнер, желілік әкімші сияқты мамандықтар бойынша сертификат алып жатыр.

«Жастар практикасы» бағдарламасы

«Жастар практикасы» бағдарламасының мақсаты – жоғары оқу орны мен колледж түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін жағдай жасау. 35 жасқа дейінгі, соңғы 5 жылда оқуын аяқтаған түлектерге арналған.  Мемлекет жалақыны 117 960 теңге көлемінде төлейді.  Практика мерзімі – 12 айдан аспайды.

«Бүгінде бұл бағдарлама аясында 283 адам жұмыспен қамтылды. 899 жұмыс беруші өтінім беріп, 1 618 бос жұмыс орны ашылды», – деді Олжас Омар.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button