Қарыз алдың – қайғы алдың…

Бүгінгі депутаттық сауалым қарыздың қамытын киген қазақты құтқарудың орнына несиеге көміп, көкесін көзіне көрсеткен жағдай жайлы. Қазақ ықылым заманнан «қарыз алдың – қайғы алдың» дейді. Сол қайғыны қажеттілік үшін алатындар бар, амалдың жоғынан банкке баратындар бар. 2025 жылдың басында қазақстандықтардың кредиттік портфелі 24,1 трлн теңгеге жеткені жарияланды. Бұл бір жыл бұрынғы берешектен 22,9% көп.
Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр. Себебі интернетті ашып қалсаң, телефонды қосып қалсаң, несие ұсынған компаниялардан аяқ алып жүре алмайсың. Банк телефон шалып «кредит алыңыз» деп қиылып тұрады, қала берді займ, найм, микрозайм, айлыққа дейінгі қарыз деген неше түрлі атаумен телефонымызға күн сайын несие алуға үндейтін сансыз хабарлама келеді. Тіпті көбі «сізге осынша теңге несие шықты, келіп алыңыз немесе сілтемемен өтіңіз» деп жазады. Ағайынды ашындыратыны осы, бүкіл елдің телефон нөмірі, жеке деректері, құжаттағы ресми ақпараттары айналадағы, болмаса айдаладағы компанияларда қайдан жүр? Сандық технологияны дамытамыз деп елдің жеке мәліметі жиналған сандықты кім ашып тастады? Алаяқтар мен кредит бергіш компанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр? Цифрлық даму министрлігі бастаған ведомстволардың жеке деректі мұқият сақтаймыз дегені осы ма? Бұған кім жауап береді? Міне, менің өзіме қанша SMS келді. Бұдан бұрын азаматтарымыздың денсаулығына қатысты деректер тарап кетті, кейін отбасы мүшелеріне, бала-шағамызға қатысты деректер желіде жүрді, енді жеке құжаттағы мәліметтеріміз бен телефон нөмірлеріміз әркімнің қолында жүр. Бұл қалай болғаны? Қазір қандай да бір мемлекеттік немесе жеке қосымшаға кірейін десең «сіздің жеке мәліметтеріңізді өңдеуге рұқсат беріңіз» деген батырма шығады. Оған келіспесең бітті, ешқандай қызмет көрсетпейді. Ол жеке деректі алғандар оны кейін қайда қолданады, кімге береді, Құдай білсін. Артынша азаматтар алданып жатыр деп алашапқын боламыз. Себебі жеке дерегі қолды болған азаматтар жаппай алаяқтардың құрығына түсіп жатыр. «Әзіл айту мен қарыз алу кенет болу керек» дейді қазақ, қазір қарызға кіру де кенет болады. Нақты дерек, 2024 жылы қазақстандықтар 22900 рет интернет-алаяқтарға алданған, келтірілген шығын – 45,5 млрд теңге. Азаматтар «ақшамды есепшотымнан сыпырып алған алаяқты табыңыз» деп полицияға арыз жазады. Бірақ одан нәтиже жоқ. Себебі интернет-алаяқтыққа қатысты қозғалған істердің 81,8 проценті «қылмыс жасаған адамның анықталмауына байланысты» жабылып қалады. Бітті. Есепшотың тұрған банк өзіне мүлдем жауапкершілік алмайды. Тергеуші таппайды. Жеке деректеріңді, банктегі есепшоттарыңды кімнің, қашан, қалай қолды қылғанын да білу мүмкін емес. Сонда сандық технология халықты сан соқтыру үшін ойлап табылды ма?
Мына деректі оқып тіпті таңғалдым, алаяқтарға қарапайым адамдар алданғанын көріп-біліп жүрміз ғой. Ал былтыр интернет-алаяқтар мемлекеттік мекемелерді алдап, 8,4 миллион теңгесін ұрлап кеткен. Парадокс. Ел болса мемлекеттік мекемелер бізді құтқарады деп сеніп жүр…
Халықтың қалтасын қағып қана қоймай, өміріне қауіп төндіретін тағы бір дүние бар. Ол – биологиялық белсенді қоспалар. Сертификаты бар ма, тиісті тексеруден өткен бе, ол жағы беймәлім, жарнамасы жер жарып тұр бірақ. Және олардың қаржы айналымына қатысты да сұрақ көп.
Ұсыныстар:
- Банктер «антифрод» жүйесін қосуы керек. Ол қандай да бір адамның жеке деректеріне сырттан қол сұғылған кезде немесе 1 адамның атынан қысқа уақытта бірнеше банкке, микроқаржы ұйымына кредит алуға өтініш тасталған кезде жүйені толық тоқтатады.
- Азаматтардың несиелік жүктемесіне қарамай кредит берген жағдайлар көп. Адамның айлығы қарыз төлеуге жетпей тұрса да, алаяқтар қылмыстық жолмен сол кісінің атына несие алады. Осындай кезде банктер мен қаржы ұйымдары қайда қарайтыны түсініксіз. Сондықтан несиелік жүктеменің коэффициенттерін қайта қарау керек.
- Кредит беретін кезде, қарыздың көлеміне қарамастан, адамдардың қаржы ұйымына өз аяғымен баруы немесе биометриялық тексеруден өтуін міндеттеу керек. Тек SMS-кодты енгізіп ақша аудару дегенді тоқтату керек.
- Азаматтардың есепшотындағы ақшаны алаяқтың ұрлағаны, бірақ одан клиент хабарсыз болғаны дәлелденсе, банктер сол қаражатты азаматқа өз есебінен қайтарып беруі тиіс.
- Интернет-алаяқтармен күресуге тергеу орындарының неге әлі келмейді, не жетпейді? Толық сараптама жасап, жауабын беріңіздер.
- Қосымшаларда азаматтардың жеке мәліметтерін өңдеуді талап етуді тоқтату керек. Себебі соның салдарынан азаматтардың деректері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр.
- Биологиялық белсенді қоспалардың түрлері мен құрамына қатысты қатаң тексеру өткізу керек.
- Елімізде желілік маркетинг арқылы қызмет көрсететін компаниялардың жұмысы қаншалықты заң талаптарына сай? Осы бағытта құқықтық баға беріліп, биологиялық белсенді қоспаларды сататын ұйымдардан жапа шеккен азаматтардың құқығын қорғайтын іс-шаралар қабылдау қажет.
Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ,
Мәжіліс депутаты