Сала майталмандары марапатталды

Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері аталып келеді. Бұл – шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі және әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Аталған мерекеге орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Сахна сыртындағы жұлдыздар» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, өнер адамдарын марапаттау рәсімі өтті.
Шара аясында мәдениет және өнер саласында қызмет етіп жүрген мамандар түрлі номинациялар бойынша марапат пен сыйлықтар алды.
Ең әуелі іс-шараға шақырылған қонақтар қызыл кілемнен жүріп өтті. Ел алдынан алғашқы болып Қуыршақ театрының ұжымы өтсе, олардың ізін ала Орталықтандырылған кітапхана жүйесі, Максим Горький атындағы орыс драма театры, Астаналық цирк, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы, «Наз» би театры, Мемлекеттік шығармашылықты іске асыру дирекциясы, Жастар театры, Қанаттылар театры, Жастар сарайы, Музыкалық жас көрермен театры, Бірлескен мұражайлар дирекциясы, Жошы хан атындағы Qazaq National Group және Астана қалалық филармониясы өкілдері өтті.
Шараның екінші бөлімі концерт залында жалғасып, ресми марапаттау рәсіміне ұласты. Онда алдымен 2024 жылы мәдениет саласында қол жеткізілген жетістіктерді қамтитын бейнеролик көрсетілді. Елордалық 14 мәдениет мекемесі 20 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырып, 2 миллионнан астам көрерменді қамтығаны айтылды.
Салтанатты шараның марапаттау рәсімінің ресми ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз сөйлеп, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 16 мамырдағы № 876 Жарлығы бойынша ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан ерекше үлесі, мәдениет саласындағы ерекше жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен Астана қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының» әртісі Нұрай Танабаевты және «Ерен еңбегі үшін» медалімен Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» актері Оразалы Игілікті марапаттады.
Одан кейін Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Астана қаласы әкімдігінің «Астаналық цирк» әртісі Чингиз Урманбетовты, Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі Аягөз Қанаеваны марапаттады. Астана қаласы Мәдениет басқармасының экономикалық жоспарлау және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Лаура Абдрахмановаға «Құрмет грамотасын», Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» суретші-дизайнері Ерлан Сералиевке министрліктің «Алғыс хатын» табыстады.
Бұдан бөлек, мәдениет және өнер саласында қызмет етіп жүрген 14 маман түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтар болсақ, «Суретші-реставратор» номинациясы бойынша Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясының» Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығының техникалық бөлімінің инженер-декораторы Айдын Маменов, «Үздік әдіскер» номинациясы бойынша Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Шынар Үстембекова, «Үздік дыбыс режиссері» номинациясы бойынша «Жастар сарайы» шығармашылық орталығының қойылым қызметі бөлімінің жетекшісі Иван Биндюк, «Үздік тігінші» номинациясы бойынша «Наз» мемлекеттік би театры» тігу-реставрациялық шеберханасының меңгерушісі Гүлнәр Айсакова, «Қойылым бөлімінің үздік меңгерушісі» номинациясы бойынша «Жастар театры» шығармашылық орталығының қойылым бөлімінің меңгерушісі Алия Зикибаева, «Үздік костюм суретшісі» номинациясы бойынша Музыкалық жас көрермен театрының костюмдер бойынша суретшісі, Құрманғазы атындағы ҚҰӨУ-дің оқытушысы Айдана Еңгебай, «Үздік көлік жүргізушісі» номинациясы бойынша «Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының» көлік жүргізушісі Юрий Щепанский, «Сахна декорация шебері» номинациясы бойынша Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма театрының декорация шебері Әсет Жолболдин, «Үздік шаруашылық меңгерушісі» номинациясы бойынша «Астаналық цирк» орталығының Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Клара Кабаболина, «Сахна машинисі» номинациясы бойынша «Қуыршақ театрының» сахна машинисі Асан Шайбанов, «Үздік ұйымдастырушы» номинациясы бойынша «Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясының» менеджері Еркежан Амангельдина, «Үздік сурдоаудармашы» номинациясы бойынша «Қанаттылар» инклюзивті театрының сурдоаудармашысы Айдана Жаппарова, «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша үздік оператор» номинациясы бойынша «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының» өнім берушілермен жұмыс істеу бөлімінің менеджері Асель Бришева, «Үздік слесарь-сантехник» номинациясы бойынша М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының слесарь-сантехнигі Василий Кришковец қатарлы азамттар сыйланды. Сондай-ақ салтанатты іс-шарада дирижер, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова, композитор Ринат Гайсин, мәдениет саласының ардагері Жұбаныш Жексенұлы болды. Жұбаныш Жексенұлы өз орындауындағы «Мәдениет қызметкері болғаныма өкінбеймін» әнін арнап, кешке шынайы әсер сыйлады.
Мерекелік кеш барысында «Наз» би ансамблінің көркем биі, Qazaq National Group тобының әні және Музыкалық жас көрермен театрының шағын қойылымы көпшілікке тарту етілді.
Кеш соңында барлық мекеме басшыларының атынан қызметкерлерге тосын сый жасалып, жылы лебіздерін жеткізіп, салтанатты кешті қорытындылады.
Айта кету керек, бүгінгі таңда елордамыздың Мәдениет басқармасына қарасты 14 мекеме қызмет атқарады. Оның ішінде театр, цирк, музыка, би, кітапхана, мұражай, сондай-ақ концерттік ұйымдар мен мәдени демалыс орындары жұмыс істейді. Аталған мекемелер елорда тұрғындары мен қонақтарына сапалы мәдени қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп келеді.
Адия КӘРІПЖАН,
Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті