Басты ақпаратҚала мен сала

Жасыл желек жайқалады

Астанада көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Көктемнің әр күнін тиімді пайдалану мақсатында елордада ағаш көшеттерін отыр­ғызу қызу жүріп жатыр.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл бас қалада миллионға жуық жасыл желек, оның ішінде ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б. отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Астананың Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарайшық аудандарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар мен аулалар абаттандырылады.

– Мәселен, Байқоңыр ауданындағы Уәлиханов көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан С.Сейфуллин көшесіне дейінгі аралығында ескі үйлер мен заңсыз тұрғызылған сауда нысандарын бұзған соң орнына жаңа қоғамдық кеңістік салуды жоспарлап отырмыз. Алаңның жалпы көлемі 10,5 мың шаршы метрді құрайды. Онда біз ағаштар мен бұталар отырғызып, тротуарлар саламыз. Жазушылар аллеясында көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуді, 100 данадан астам ірі ағаштар отырғызу көзделуде. Қазір бұл аллеяда жасыл желектер үшін орындарды дайындау жұмысы белсенді жүріп жатыр, – деді қала басшысы.

Сарыарқа ауданындағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – ескі сапаржай маңындағы аумақты және оған іргелес көшелерді жаңарту. Осы жоба аясында Гете көшесін «Раиса ана» мешітіне дейін абаттандыру, яғни аумақты көгалдандыру, шағын сәулет нысандарын орнату, қосымша тұрақ аймағын салу жоспарланған.

2024 жылы Біржан сал мен Гете көшелерін қоса есептегенде, вокзал маңы аумағының бір бөлігіне ауқымды жаңарту жүргізілді. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылып, қоғамдық кеңістіктер ашылды, жасыл желек отырғызылды. Сол сияқты «Жастар» театрының алдындағы аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, жергілікті суару жүйесі енгізілді.

Биыл Байқоңыр ауданында 2025 жылы 1000-нан астам ағаш және 33 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарланып отыр. «Ұстаздар» алаңында, Абай даңғылының бойында, сондай-ақ «Самғау» сауда орталығына қарама-қарсы 191-көшеде жаңа жасыл орындар пайда болады. Мұнда емен, қара ағаш, үйеңкі, сирень және арша отырғызылады. Сондай-ақ жеті қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Осылайша, биыл Алаш тас жолы (Бөгенбай батыр даңғылы көпірінен 69 көшеге дейін); Уәлиханов көшесі (Бөгенбай батыр даңғылынан Сейфуллин көшесіне дейін, «Тұлпар» сау­да орталығының алдында); Абай даңғылы (Республика даңғылынан Ш.Уәлиханов көшесіне дейін); А.Жұбанов көшесі (Тархан көшесінен А.Пушкин көшесіне дейін); С.Сейфуллин көшесі (Республика даңғылынан Ш.Уәлиханов көшесіне дейін); Кенесары көшесі (Республика даңғылынан Ш.Уәлиханов көшесіне дейін) және Есіл өзенінің жағалауы (Қараөткел көпірінен Амман көшесіне дейін) абаттандырылады. Мұнда жер төсеніштері ауыстырылып, тротуарлар орнатылады, орындықтар, урналар мен жарықтандыру элементтері қайта жабдықталады, сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Нұра ауданының аумағында 10 мың ағаш және 110 мың бұта отырғызылады. Сығанақ, Айтматов, Гапеев көшелерінің бойында, сондай-ақ «Мадрид», «Алтын Шар», «Копенгаген» және басқа да тұрғын үй кешендерінің жанында көгалды орындар ашылады. Орталық саябақты көгалдандыру және Үркер тұрғын алабында скверлер құру, «Хан Шатыр» СОО-да Greenline жаяу жүргіншілер бульварын жалғас­тыру жоспарланған. Қ.Мұхамедханов, Күлтегін, Сығанақ және Әнет баба көшелерінің алаңында демалуға және серуендеуге ыңғайлы жасыл кеңістік ашылды.

Осы жылы Есіл ауданында көгалдандыру бойынша жоспарлы жұмыс аясында Ботаникалық бақта, EXPO аумағында, Жошы хан, Ә.Кекілбаев, Ә.Бөкейхан, Хусейн бен Талал, Т.Рысқұлов, Гейдар Әлиев, Керей-Жәнібек хандар көшелерінің бойында, Қабанбай батыр даңғылында 16 мыңнан астам ағаш, 68 мыңнан астам бұта және 68 мыңға жуық көпжылдық өсімдік отырғызылады. LRT бағыты бойындағы көшелерді, атап айтқанда, Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылын көгалдандыруға ерекше назар аударылады.

Айналаны абаттандыру – маңызды міндет

Күн жылынғалы бері Астанада көгалдандырумен бірге айналаны абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қала басшысының мәлімдеуінше, биыл елордада бір миллион жасыл желек отырғызылады. Бүгінгі таңда Ғұмар Қараш пен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы тарихи көшелерді жаңарту аясында 5 га аумақ абаттандырылып, ағаштар отырғызылды. Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның алдында жарықтандыру жұмыс­тары жүріп жатыр. «Иллюзия паркін» қайта жөндеуге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығының құрылысы жүргізілуде.

Байқоңыр ауданында биыл 88 ауланы абаттандыру жос­пар­ланған, оның 18-і кешенді түрде жаңартылады, ал 70-і жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аясында қалпына келтіріледі. Сондай-ақ Есіл ауданында Ұлы дала даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде Мәңгілік ел даңғылын абаттандыру жалғасады.

Сарыарқа ауданында «Халық қатысатын бюджет-2025» жобасы аясында 30-дан астам ауланы күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Алматы ауданында да көшелерді кешенді абаттандыру басталды. Атап айт­қанда, Қ.Мұңайтпасов көшесі мен М.Жұмабаев даңғылында жөндеу жұмыстары жүргізіледі, онда төсемдерді ауыстыру және жаңа орындықтар мен урналар орнату жоспарланып отыр. Жобаның негізгі аспектілерінің бірі кедергісіз орта құру болса, бұл қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік беретін жайлылық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Күйшілер» аллеясын қайта қалпына келтіріліп, онда орындықтар, урналар мен жарықтандыру тіректері ауыс­тырылады. Биыл ауданда 10 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады.

Сарайшық ауданында 2025 жылы көгалдандыру көлемін ұлғайту және 14 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарлануда. 3 қоғамдық кеңістік, атап айтсақ, «Хайвил» ТК айналасындағы аумақ, Жұмысшы мамандықтар аллеясы (Жүргенов, 27/1, 28/1) және «Bravo Family» ТК жанындағы алаң абаттандырылады.

Көгалдандыру бойынша жоспарлы жұмыс аясында Ж.Нәжімеденов көшесінде (Ш.Қалдаяқов көшесі Тәуелсіздік даңғылына дейін), «Тәуелсіздік» көпірінің аумағында, Ұлы дала даңғылында көпірден Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін, Жүргенов көшесі, 27/1 және Жүргенов көшесі, 28/1 үйлерінің жанындағы скверде, С.Нұрмағамбетов көшесінде (Р.Қошқарбаев даңғылынан А.Байтұрсынұлы көшесіне дейін), Панфилов көшесі бойынша (Тәуелсіздік даңғылынан Н.Нұрмақов көшесіне дейін) жаңа жасыл желектер отырғызылады.

Биыл қалада ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасады. 2025 жылы Қабанбай батыр даңғылындағы көпірден Амман көшесіндегі көпірге дейін Есіл өзенінің жағалауы абаттандырылып, Есіл өзенінің бойындағы саябақ аймағы, Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон паркі, Президенттік саябақ және «Қалалық романс» паркі көгалдандырылады.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button