Астанада зейнеткерлер арасында “Ардагерлер көктемі” шығармашылық фестивалі өтті

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында рухани мазмұнға толы мәдени іс-шара – «Ардагерлер көктемі» атты шығармашылық ұжымдар фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Өнер байқауына 61-75 жас аралығындағы зейнеткер өнерпаздар қатысып, көпшілікке әсерлі өнер көрсетті.
Фестивальдің негізгі мақсаты – Астана қаласындағы талантты зейнеткерлерден құралған шығармашылық ұжымдардың өнерін насихаттау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, сонымен қатар аға буынның өмірлік тәжірибесі мен мәдени мұрасын жастарға үлгі ету, белсенді зейнеткерлік өмір салтын қолдау.
Мәдени шараға Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Нұра, Есіл және Сарайшық аудандарынан 200-ден астам өнерпаз қатысты. Олар 14-15 мамыр аралығында «БҰӨСО»-ның аудандық филиалдарында өткен іріктеу турынан үздік атанған орындаушылар болатын.
Гала-концерт «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мен «Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына» арналды. Кеш барысында патриоттық әндер, халық әндері, заманауи және авторлық шығармалар шырқалып, би қойылымдары орындалды.
Гала-концертте «Беу айдай», «Жас қазақ», «Қара кемпір», «Победа», «Ана туралы баллада», «Ауылым» әндері мен «Балбырауын» күйі орындалып, «Эхо войны», «Вальс фронтовой медсестры» билері және т.б. шығармашылық номерлер көрермен назарына ұсынылды.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік өнер иелері мен шығармашылық ұжымдар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. «Үздік хор ұжымы» номинациясы бойынша Есіл ауданынан қатысқан халықтық «Есіл толқындары» ансамблі «Жас қазақ» әнімен жеңіске жетті. «Үздік сахналық қойылым» атағын Байқоңыр ауданының «Жалын» би тобы «Соғыстың басталуы» прологымен иеленді. Алматы ауданының «Березка» вокалдық тобы «Победа» әнімен «Үздік вокалдық топ» деп танылса, Сарыарқа ауданының «Магия вальса» би ұжымы «Вальс фронтовой медсестры» биімен «Үздік би тобы» атанды.
Көрермендердің ыстық ықыласына ие болған «Қыздарай» би тобы (Нұра ауданы, «Эхо войны») және «Аэлита» тобы (Алматы ауданы, «Кумпарсита» аргентиналық биі) «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды. Есіл ауданының «Сағыныш сазы» ансамблі «Беу айдай» әнімен «Үздік эстрадалық композиция» атағына ие болды. Ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды насихаттағаны үшін Сарайшық ауданынан «Дайдидай» өнер ұжымы («Қара кемпір» әні) арнайы марапатқа ие болды.
Есіл ауданынан Бибіжамал Сұлтанова «Шырқа гитара» авторлық шығармасымен «Авторлық шығарма» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ Есіл ауданының «Қазына» ұжымы ұлттық аспапта орындалған «Балбырауын» күйімен «Ұлттық салт-дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясымен марапатталды. Алматы ауданынан «Әдемі» хоры «Ана туралы баллада» әнімен «Армандар орындалады» номинациясына лайық деп танылды.
Сарыарқа ауданынан Рауза Набиуллина «А зори здесь тихие» операсындағы Женьки романсын орындап, «Үздік жеке орындаушы» атанды. Байқоңыр ауданының Төребек Әбдіразақ Тәкірұлы «Ауылым» әнімен «Шығармашылық шабыты үшін» марапатына ие болды. «Үздік орындаушы» номинациясы бойынша Алматы ауданынан Гүлбаршын Матаева («Бұлбұл» әні) және Сарайшық ауданынан Үмітжан Смайлқызы («Жалғыз арша» әні) жеңімпаз атанды.