Салмағы 1 кг сәби жүрегіне күрделі ота жасалды

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында салмағы небәрі 1 келі болатын сәбидің жүрегіне күрделі операция сәтті жасалды. Сәбидің туғанына 45 күн толған болатын, деп хабарлайды astana-akshamy.kz


Сәбидің жағдайы аса ауыр болғандықтан, ол бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Диагноздың күрделілігіне байланысты перинаталдық орталықтың дәрігерлері бірнеше рет қаладағы кардиохирургтармен кеңесті.
Сәбиге 45 күн толып, салмағы 1 келіге жеткенде, дәрігерлер жүрегіне операция жасау туралы шешім қабылдады. Ашық артериялық өзекке жасалған күрделі және аса дәлдікті қажет ететін бұл операция сәтті өтті.
Операцияны Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургі Асан Жұманов пен Шымкент қалалық перинаталдық орталығының анестезиолог-реаниматологы Ақжол Әбдірайымов жасады.
Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты ауыр. Ол перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің неонаталдық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова мен неонатолог-реаниматолог Ерасыл Шәбетов бастаған неонаталдық реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің тұрақты бақылауында.