Тыл еңбеккерлері әскери техникалар шығаратын отандық зауытты аралады

Астанада тыл еңбеккерлері әскери техникалар шығаратын отандық зауытты аралап шығып, жұмыс барысын көріп қайтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Kazakhstan Paramount Engineering зауыты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл еңбеккерлерін арнайы қонаққа шақырды.
Қонақтар зауыттың өндірістік цехтарын аралап, заманауи бронетехника қалай жасалатынын өз көздерімен көріп, зауыт қызметкерлерімен еркін тілдесе алады. Тыл еңбеккерлері құрышталған «Barys 8*8» әскери көлікке кіріп, құрылысымен танысты.
«Сіздер жасаған ерлік пен еңбектің бағасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Майдан даласында қан төккен жауынгерлердің ерлігі де, тылда маңдай терін төккен сіздердің қажырлы еңбектеріңіз де — Ұлы Жеңіске жетудің теңдессіз үлесі. Біз үшін бейбітшілікті сақтау, сіздер салған сара жолды жалғастыру — қасиетті парыз. Біздің зауытта құйылған әрбір болат бөлшек — Отанымыздың қорғанысын нығайту жолындағы үлесіміз», — деді «Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрағасы Барыс Айбек Айдарұлы.
Сонымен қатар, әр тыл еңбеккеріне 100 000 теңге және сыйлықтармен себеттер сыйға тартылды.
«Бұл – ел үшін ерен еңбек сіңірген аға буынға деген алғысымызды білдірудің бір жолы. Біз үшін ұрпақтар сабақтастығын сақтау мен Ұлы Жеңістің рухын жас ұрпаққа жеткізу – басты құндылықтардың бірі», – делінген компания мәлімдемесінде.