Ел тынысы

Заманауи мемлекеттік қызмет: жаңару және даму

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің халыққа көрсететін және жүйелі қызметінің жиынтығы. Ол қоғамдағы тұрақтылықты, заңдылықты және басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Елімізде мемлекеттік қызмет саласын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Осы бағытта жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіру мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы азаматтарға бағдарланған, ашық және тиімді мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыруды, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруді және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді.

Қазақстан Республикасының қызметін реформалау ашықтық, тиімділік, кәсібилік қағидаттарына негізделген. Жаңа тұжырымдама аясында мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесін жетілдіру мақсатында кадрларды ашық және әділ конкурстық іріктеу, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін жаңа бағдарламаларды енгізу, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін цифрландыру сияқты жаңашылдықтар орын алды.

Қалыптасқан жағдайға жауап ретінде «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы арқылы процесті цифрландыру іріктеуге қашықтықтан қатысуға мүмкіндік бере отырып, адами факторды барынша азайтып, мемлекеттік қызмет тартымдылығының артуына әсерін тигізді.

Жаңа іріктеу жүйесіне көшкеннен бері Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында 2025 жылдың қорытындысымен жалпы конкурс бойынша 1 орынға 14 (2024ж. – 11,7) кандидат қатысып, ұқсас кезеңмен салыстырғанда олардың үлесі 3 адамға артып, мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын көрсетті.

Қазіргі әлемде мемлекеттік және жеке секторлар үшін басым міндетке айналған адам ақыл-ойы мен таланттарды іздеу үшін күрес белсенді дамып келеді. Бәсекелестіктің қалыптасқан шарттары аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардың төменгі лауазымдарына жоғары оқу орындарының үздік түлектерін конкурстан тыс тағайындалуына мүмкіндік берді.

Дарынды жастарға әлеуметтік лифт қамтамасыз ете отырып, таланттарды басқарудағы негізгі бағыттардың біріне айналған Президенттік жастар кадр резервін құру, жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында өткізілген өңірлік кадр резерві осының дәлелі.

Осы бағытта қабылданып жатқан барлық заңнамалық өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.  Бұл реформалар мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға, олардың кәсіби деңгейін көтеруге және жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, мемлекеттік аппараттың тиімділігі артып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жоғарылайтын болады.

Мемлекеттік қызметтің дамуы – елдің өркендеуінің кепілі. Сондықтан бұл саладағы реформалар қоғам үшін де, мемлекеттің болашағы үшін де стратегиялық маңызға ие. Оның жүзеге асырылуы қоғам мен мемлекеттің өзара сенімін нығайтып, елдің тұрақты дамуына серпін берері анық.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Астана қаласы бойынша департаменті

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button