Қоғам

Қорғаныс министрі парадқа дайындықты тексерді

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық жүріп жатқан индустриалды қалашық пен далалық лагерьге барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев министрге жеке құрам мен техниканың дайындығы туралы баяндады.

— Бөлек жаттығулар аяқталуға жақын. 25 сәуірден бастап шеруге қатысушылар жауынгерлік техника мен авиация қатысатын бірлескен жаттығуларға кіріседі. Ал 3 және 5 мамырдағы негізгі дайындық Қазақ елі алаңында өтеді, — деді генерал-майор Мереке Көшекбаев.

Қорғаныс министрі жеке құрам мен механикаландырылған лектердің өтуін қадағалады. Ведомство басшысы әскери шеруге қатысушыларға алғысын білдірді.

— Бүгін сіздер еліміздің Қарулы күштері үшін маңызды шараға қатысуға дайындалып жатырсыздар. Әскери шеру жай ғана іс-шара емес, оның рөлі Қазақстан армиясының жауынгерлік дәстүрлері мен еліміздің мәдени мұрасын сақтау үшін маңызды. Қазақстанда әкелері мен аталары майданға кетпеген бірде-бір отбасы жоқ. Сіздердің бүгінгі еңбектеріңіз — ХХ ғасырдағы ең қанды соғыста ерлікпен қаза тапқан ата-бабаларымызға деген құрмет, — деді Руслан Жақсылықов әскери қызметшілерге сөйлеген сөзінде.

Сонымен бірге, министр жауапты тұлғаларға санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, жылу режимін сақтау, жеке құрам үшін жоғары калориялы толық тамақтануды қамтамасыз ету және дала лагерінде тәртіптің жоғары деңгейін сақтау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад 7 мамырда Астананың басты алаңында өтеді. Оған 4 мыңнан астам әскери қызметші, 300-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери техниканың үлгілері мен майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиациясының 60-тан астам әуе кемесі қатысады.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі Тимур Ержанов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырым марафон жүгіріп шыққан еді. Бұл жүгірісті әскери қызметші майданда қаза тапқан батырлар мен көзі тірі ардагерлерге арнады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button