Қазақстандық әскери 80 шақырым марафон жүгіріп шықты

Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі Тимур Ержанов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырым марафон жүгіріп шықты. Бұл жүгірісті майданда қаза тапқан батырлар мен көзі тірі ардагерлерге арнап отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Тимур Ержанов — «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімі 1-ші мотоатқыштар ротасының старшинасы, 3-сыныпты сержант. Ол Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Шешенқара кентінен өз әскери бөліміне дейін жүгіріп келген.
7 сағат 21 минут 11 секундқа созылған жүгірісте марафоншыға әр 10 шақырым сайын әріптестері қолдау көрсетіп отырды. Әйтсе де Тимур Ержанов негізгі қашықтықты тек өз күшімен еңсеріп шыққан.
— Мен ұзақ уақыттан бері жүгірумен айналысамын, марафондарға да жиі қатысып тұрамын. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай символдық қашықтықты жүгіруге бел будым. Сол арқылы майданда қаза тапқандар мен ардагерлерге құрмет көрсеткім келді. Бөлім басшылығына және командаға қолдауы үшін рахмет айтамын, — деді Т. Ержанов.
Әскери қызметші мәре сызығына аман-есен, сергек күйде жеткен және 80 шақырым өзіне аса күш түсірмегенін айтты. Жақын арада Ержан Жаңаарқа ауылынан Қарағандыға дейін 200 шақырым жүгіруді жоспарлап отыр.
Марафоншыны қолдауға оның туыстары да келді. Тимур жұбайы Жанармен бірге Айару, Әмина және Расул есімді үш бала тәрбиелеп отыр.
Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді.