Мәдениет

Жаңа кітаптар – оқырман олжасы

Елордадағы Қазақстан Республикасының Президенттік мәдени орталығында VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында қаламгерлердің жаңа туындыларының тұсаукесері өтті.

Жазушылар мен оқырмандар бас қосқан тағылымды мәдени іс-шарада Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдікұлының «Тозақ оттары жымыңдайды», жазушы Әлібек Асқаров­тың «Қойға шапқан қара аю», Әділбек Ыбырайымұлының «Жалғыз жолаушы», сондай-ақ ақын Серікзат Дүйсенғазының «Көктем әні» атты жаңа кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.

Таныстырылымды аталған еңбектерді жарыққа шығарған «Атамұра» корпорация­сының президенті Рақымғали Абрарұлы жүргізіп, шығармалардың көркемдік деңгейі мен мазмұндық ерекшелігіне тоқталып, жаңа туындылардың қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтуге қосар үлесі зор екенін атап өтті.

Іс-шара соңында әдебиет пен мәдениет саласына қосқан сүбелі еңбектері үшін «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Исабеков пен ақын, жазушы Дәулеткерей Кәпұлына ТҮРКСОЙ ұйымының ең жоғары дәрежелі алтын медалі салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – түркі әлемі әдебиетінің дамуына сіңірген еңбектің лайықты бағасы.

Көрме аясындағы мәдени бағдарлама ертеңге дейін жалғасады. Осы аралықта балалар мен ересектерге арналған кітап тұсаукесерлері, жазушылармен кездесулер, автограф-сессиялар, шығармашылық шеберлік сағаттары мен әдеби дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған. Халық­аралық деңгейдегі көрме отандық және шетелдік баспа үйлері мен қаламгерлер арасындағы байланысты бекемдеп қана қоймай, кітап сүйер қауым үшін маңызды мәдени алаңға айналды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button