Астанада «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында ардагерлер, жастар, кәсіпкерлер мен қала әкімдігінің қызметкерлері бірігіп, Абай даңғылы бойына 140 ағаш көшетін отырғызды. Игі бастамаға Астана медицина университетінің 120-ға жуық студенті мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері де қатысып, елорданы абаттандыруға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Байқоңыр ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Маржан Пірімбетованың айтуынша, орталық мүшелері мұндай экологиялық бастамаларға жыл сайын белсенді түрде қатысып келеді.

«Бүгін Байқоңыр аудандық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған игі экологиялық бастамаға қатысып, көшет егуге келдік. Абай даңғылының бойын абаттандыруға, қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосу – баршамызға ортақ міндет деп санаймын. Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын әрдайым қолдаймыз. Орталығымыздың зейнеткерлері жыл сайын осындай қоғамдық және экологиялық жұмыстарға белсенді түрде қатысып келеді», – деді ол.
Байқоңыр ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Жомарт Дәуменовтің айтуынша, ардагерлер де қаланы абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысқан.
«Бүгінгі экологиялық акцияға ардагерлер де белсене қатысып жатыр. Арамызда жасы 90-ға таяған қарияларымыз бар, ең кішілерінің өзі 70 жастан асты. Соған қарамастан олар қаланың көркеюі мен гүлденуіне өз үлестерін қосу үшін арнайы келіп отыр. Бұл – біздің тұрған жеріміз, туған мекеніміз. Сондықтан қаламыз әрдайым таза, көрікті әрі жайнап тұруы керек», – деді Жомарт Дәуменов.
«Таза Қазақстан» экожобасы аясындағы бұл бастамаға ардагерлер, зейнеткерлер мен жастардың бірге қатысуы қоғамның ортақ іске жұмылуының және қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan