Жанарбек Әшімжан: Адамзат тарихының алтын тәжі — Алтын орда
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Президентінің қатысуымен “Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік” атты халықаралық симпозиумы өтті. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан аталған симпозиум тарихымыздың жаңа парақтарын ашқан айтулы оқиға болды деп пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Әлемнің ірі ғалымдары, саяси қайраткерлер, тарихшылар мен археологтар бас қосқан тарихи жиындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың баяндамасы ұлттық болмысымызды танудағы басты бағытты айқындап берді.
Президент баяндамасында айтылғандай, біздің мемлекеттігіміздің бастауында айбынды Алтын Орда, яғни Жошы Ұлысы тұр. Бұл біздің тамырымыздың тереңде, мемлекеттік басқару, заң жүйесі мен дипломатиялық дәстүрлеріміздің сонау Ұлы Дала империяларының алтын сүрлеуінде жатқанының куәсі.
Біз бүгін тарихты «жеңімпаздар жазады» деген жаңсақ қағидаттан арылып, оны шынайы ғылыми объективтілікпен зерделеудің жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұрынғы «көшпенділер мемлекет құра алмады» деген догмаларды талқандап, Алтын Орданың әлемдік деңгейдегі саяси-құқықтық феномен болғанын мойындау ұлттық жадымызды жаңғыртудың кілті.
«Дала Римі» атанған, 6 миллион шаршы шақырымға созылған алып империяның негізгі қуаты тек аумағында емес, оның институционалдық жүйесінде, заң үстемдігі мен әділ басқару қағидаларында еді.
Біздің рухани әлеміміз ортағасырлық түркі-ислам өркениетінің, әл-Фарабидің терең философиясы мен Қожа Ахмет Ясауидің имандылық ілімінің жалғасы. Кетбұғаның күйіндегі зар, жыраулардың жырындағы ерлік пен Абайдың «Толық адам» мұраты біздің бір ғана ұлттық кодымыздың алуан қыры,- дейді депутат.
Ол Президентіміз тарихты зерттеу көненің көзіне қарап көз жасын төгу емес, өткеннің тәжірибесімен келешектің көкжиегін кеңейту екенін ерекше атап өткенін жеткізді.
-Жошы Ұлысын зерттеу институтының құрылуы, тарихымызды жаңа сапалы деңгейде зерделеу заманауи технология мен жасанды интеллект дәуірінде өз орнымызды айқындауға жасалған қадам. Бүгінгі тарихи салмағы зілмауыр жиын тарихты тек өткен күннің оқиғасы емес, бүгінгі және болашақ дамуымыздың идеологиялық негізі ретінде көруге шақырады. Ғалымдар мен сарапшылардың пікірталасынан түйгеніміз тарих өткеннің жаңғырығы емес, келешектің алтын қазығы екені.
Біз өз тарихымызға сын көзбен қарап, оны әлемдік ғылыммен бірлесе зерттей отырып, Ұлы даланың жасампаз рухын жаңғыртуымыз қажет. Мемлекет Басшысы Қазақ Мемлекетінің бастауында тұрған дала өркениетінің символы, әлемдік геосаяси кеңістіктен ойып орын алатын Алтын Ордаға қатысты халықаралық симпозиум жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын мәлімдеді, — деп атап өтті Ж. Әшімжан.



