Полицейлер Астанада абаттандыру қағидаларын бұзғандарды анықтауда
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Астана қаласының полицейлері абаттандыру қағидаларын бұзу мен қоғамдық орындарды ластау деректерінің алдын алуға бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында елорда көшелеріндегі тазалықты сақтау, қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге төгу, құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет жинау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылуда. Полицейлер қоршаған ортаның тазалығына кері әсерін тигізетін құқық бұзушылықтарды анықтап, оларды дер кезінде тоқтату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері Астана қаласының полицейлері қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзуға байланысты 20 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, кезекті тексеру барысында Ахмет Жұбанов көшесіндегі ғимаратты бұзу жұмыстары кезінде пайда болған құрылыс қалдықтарын заңсыз жинақтау фактісі анықталды. Тексеру нәтижесінде мердігер ұйымның абаттандыру қағидаларын бұзғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша кінәлі тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы негізінде әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынды.
Астана қаласының Полиция департаменті қала тұрғындары мен ұйымдарды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын қатаң ұстануға шақырады. Осы бағыттағы профилактикалық және рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.



