«Жалған ақпарат дәуіріндегі БАҚ» тақырыбын арқау етті

Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығында түрік тілінде сөйлейтін журналистердің басқосуы өтті. Жыл сайын журналистерді бір арнаға тоғыстыратын дәстүрлі кездесу биыл «Жалған ақпарат дәуіріндегі БАҚ» тақырыбын арқау етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Астана Юнус Эмре институтында бұқаралық ақпарат құралдары үшін түрік тілін тегін үйрену курстарында білім алып жүрген, сондай-ақ бұған дейін тіл үйреніп шыққан және институтта ұйымдастырылатын іс-шараларға белсенді атсалысатын журналистер қатысты. Олардың арасында ҚР Президентінің Телерадиокешеніне қарасты Kazinform ақпарат агенттігі мен Jibek joly телеарнасының, сонымен қатар Qazaqstan, «Хабар» және 24.kz телеарналарының, BAQ.kz, El.kz, Kursiv.kz интернет-сайттарының, Qazaq радиосының, «Айқын», «Астана ақшамы» республикалық газеттерінің тілшілері бар.

Пікір алмасу барысында фейк мәліметтер мен фото, видеоматериалдардың тұтас әлем деңгейінен бастап, бір мемлекет ішіндегі қоғамдық тұрақтылыққа, отбасы мен балаларға тигізіп отырған теріс ықпалы талқыланды. Қатысушылар шынайы ақпаратты жалған ақпараттан ажырата білу – сенім, бедел және жауапкершілік тұрғысынан жауапты бұқаралық ақпарат құралдарына екі есе міндет жүктейтінін жеткізді.

Түрік тілінде сөйлейтін журналистермен сұхбаттасуға Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің Байланыс жөніндегі кеңесшісі Хасан Кучуккандемир, TRT Kazakistan телеарнасының басшысы Мехмед Чалышкан және дипломатиялық корпустың өзге де мүшелері, Түркиядан арнайы қонақтар шақырылды. Спикерлер тақырып аясында пікір білдіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар арасында «БАҚ және жалған ақпарат» тақырыбында үздік нақыл сөздер құрастыру бойынша кішігірім ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға құнды кітаптар мен сертификаттар табысталды. Жиын соңында келген қонақтарға түрік асханасынан дәм ұсынылды.



