Қазақстандық стартап Қырғызстанда қолданылмақ
Қазақстандық Biometric стартабы Қырғызстанның Орталық банкіне биометриялық сәйкестендіру қызметін көрсетеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ол Астанада дайындалған.
Биометриялық шешімдер ұсынатын Қазақстандағы жетекші әзірлеуші, Astana Hub резиденті — Biometric компаниясы Қырғызстанның мемлекеттік және қаржылық мекемелеріне орталықтандырылған қызмет көрсететін ұлттық оператор INFOCOM компаниясымен ресми келісімшартқа қол қойды. Құжат аясында Biometric Қырғызстанның Орталық банкіне Liveness Detection негізіндегі биометриялық сәйкестендіру қызметтерін ұсынады.
Liveness Detection технологиясы адамның бет-бейнесі шынайы не жасанды екенін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Ол банктер мен басқа да қаржы мекемелерінде табысты қолданылып, клиенттердің сенімді сәйкестендірілуін қамтамасыз етеді.
«Бұл келісімшарт — компаниямыз үшін маңызды қадам. Елдің қаржы нарығына қызмет көрсету үшін Қырғыз Республикасы таңдаған үш провайдердің бірі болғанымызды мақтан тұтамыз. Мемлекеттік деңгейде көрсетілген сенім біздің жобамыздың жоғары сапасын айшықтайды. Бұл, сонымен қатар, халықаралық нарықтың қазақстандық жобаларға ден қоя бастағанының белгісі. Біз Binance сияқты халықаралық компаниялармен сәтті ынтымақтастық орнатып, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде өзге елдерде белсенді жұмыс істеп жатырмыз», — деді Әлібек Нарымбай, Biometric компаниясының бас директоры.
Компания Қырғызстанның қаржы нарығына қызмет көрсету үшін технологиялардың толық спектрін ұсынады, атап айтқанда смартфон камерасы арқылы құжаттардан мәлімет алу үшін Document Recognition, пайдаланушының «жандылығын» тексеру үшін Liveness Detection, нақты уақыттағы бет-бейнені құжаттар немесе деректер базасынан алынған бейнелермен салыстыру үшін Face2Face Detection және үлкен деректер базасынан адамдарды бет-әлпеті бойынша жылдам іздеу үшін Face Search технологиялары бар.
Әлібек Нарымбайдың айтуынша, Astana Hub технопаркі стартаптың халықаралық нарыққа шығуына жан-жақты қолдау көрсетіп, салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ Silkway Accelerator мен Alchemist Accelerator бағдарламаларында акселерация мүмкіндігін ұсынды. Biometric шетелде қарқынды масштабталып келеді: компания Қырғызстандағы серіктестермен әріптестік орнатты, Делавэрде (АҚШ) кеңсе ашып, Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына, әсіресе Малайзияға шығуды көздеп отыр. Бұдан бөлек Латын Америкасы нарығы, атап айтқанда Мексикаға табан тіреу жоспарланған.
Бүгінгі таңда Biometric-тің В2В-сегментінде 35-тен астам клиенті бар, әртүрлі ел және бизнеспен 100-ден астам пилоттық жоба өткізілуде, мұнда стартаптың сәйкестендіру шешімдері қолданылып келеді. Компания құрылғалы 5 жыл болды, ал жақында ол әлемдегі ең үздік 500 AI-компания арасында 37-орын иеленді.